ДИКТОР: Аймақ басшысы Марат Ахметжанов жұмыс сапарымен Есіл ауданына барды. «Ново-Приречное» серіктестігінің егіс науқанымен танысып, Есіл, Жақсы және Жарқайың аудандарының басшыларымен және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесті. Жиын барысында аудандардағы дала жұмыстарының барысы және даму мәселелері талқыланды.
РКС: Есіл ауданының әкімі Серік Балжанов көктемгі егіс науқанның барысына тоқталып, биыл дала жұмыстарына 2 мыңнан астам техника жұмылдырғанын айтты. Сондай-ақ, «Кең Дала-2» бағдарламасы бойынша көктемгі егіс жұмыстарына диқандар 7,2 миллиард теңге көлемінде несие алуға өтінім бергенін атап өтті.
СНХ: СЕРІК БАЛЖАНОВ, ЕСІЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Егіс науқанына дайындық барлық агротехникалық талапты сақтай отырып жүргізілді. Ылғал үнемдеу технологиялары толық көлемде қолданылды. 75 мың гектар алқапта қар тоқтату жұмыстары атқарылса, 270 мың гектар жерде ылғал жабу шаралары жүргізілді. 95 мың гектар алқапта егіс алдында топырақты өңдеу жұмыстары атқарылды. Қазір 6 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізуге келісім-шарттар жасалған. Аудан бойынша 170 мың гектар жерге дәнді-дақыл сіңірілді. Бұл жоспарланған көлемнің 39 пайызы.
РКС: Биыл диқандар арасында «Кең Дала-2» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы үлкен сұранысқа ие. Түскен өтінімдер қаржыландырылып, аграршыларды қажетті қаражатпен жедел қамтамасыз етуге мүмкіндік беруде. Кездесу барысында Жақсы және Жарқайың аудандарының әкімдері агроөнеркәсіп кешенінің даму мәселелеріне және егіс науқанының барысына тоқталды.
СНХ: АЛМАГҮЛ ҚАДЫРАЛИНА, ЖАҚСЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Аудан аграршыларына мемлекеттік қолдау аясында 8 миллиард теңге, оның ішінде «KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 1 миллиард 465 миллион теңге берілді. Биыл өңірде бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Соның ішінде Казахская станциясында жаңа астық қабылдау кәсіпорнын салу жоспарланған. Аталған жобаның құны 10 миллиард теңге. Оны осы жылдың соңына дейін іске асыру жоспарлап отырмыз.
СНХ: ЕРБОЛ ЖҮСІПБЕКОВ, ЖАРҚАЙЫҢ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: 274,2 мың гектар жерге дән сіңірілді, бұл жоспардың 41,7 пайызы. Оның ішінде бидай, арпа және сұлы дақылдары бар. Бүгінде жоспарланған 15 мың гектардан 12 мың гектар алқапқа майлы дақылдар себілді. Жыл басынан бері жалпы құны 2,3 миллиард теңгеге 27 ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары сатып алынды.
РКС: Өңір басшысы «Ново-Приречное» серіктестігіндегі тұқым тазарту кешенінің жұмысымен танысты. Кәсіпорын аумағында сыйымдылығы 36 мың тоннаға дейін астық сақтауға арналған 9 қойма орналасқан. Сапар барысында аймақ басшысы Марат Ахметжанов Юбилейное ауылының инфрақұрылымдық дамуымен де танысты. Мұнда инфрақұрылым мәселелері толықтай шешімін тапқан. 190 жеке тұрғын үй орталықтандырылған ауыз сумен және табиғи газбен қамтамасыз етілді. Осы мақсатта заманауи газ тарату станциясы іске қосылды. Өңір басшысы серіктестіктің өндірістік көрсеткіштері мен әлеуметтік маңызы бар бастамаларын жоғары бағалады.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Инфрақұрылымы мен халыққа көрсетілетін әлеуметтік қолдау түрлі деңгейдегі көптеген ауылдарымыз бар. Валерий Николаевич солардың арасындағы еңбек адамының жарқын үлгісі. Ол шаруашылықты табысты жүргізіп қана қоймай, заманауи технологияларды тиімді енгізіп келеді. Балалары да егіс алқаптарында еңбек етіп жүр, сонымен қатар көршілес шаруашылықтарды да дамытуға үлес қосуда. Бұл нағыз еңбек адамының өнегелі бейнесі. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай оны мемлекеттік марапатқа ұсынуды сұраймын.
РКС: Өңір басшысы көктемгі дала жұмыстарының сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауыл инфрақұрылымын жаңғырту және заманауи технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстар жалғасатынын айтты. Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі мен инвестициялық жобалардың өңір экономикасына оң әсері ерекше аталды. Аймақ басшысы ауыл шаруашылығы саласының дамуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына тікелей ықпал ететінін жеткізді.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ