ДИКТОР: Әлем бойынша мамырдың 20-сында Травматологтар күні атап өтіледі. Бұл кәсіби мереке Қазақстанның барлық өңіріндегі мыңдаған маманды, соның ішінде Ақмола облысының дәрігерлерін де бір арнаға тоғыстырады. Аймақта травматологиялық қызмет қалай дамуда? Қазіргі ахуалы қандай? Динара Нұрмұханова айтсын.

РКС: Күн сайын облыстық көпсалалы аурухананың травматология пунктінің көмегіне ондаған адам жүгінеді. Дәрігерлер түрлі жарақат алған науқастарға тәулік бойы медициналық көмек көрсетеді. Мұнда әр минут шешуші роль атқарады.

СНХ: РИНАТ СМАЙЫЛОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАСЫНЫҢ ТРАВМАТОЛОГ-ДӘРІГЕРІ: Біздің жұмысымыздың ерекшелігі – тез шешім қабылдауымызда. Медицина қызметкерлерінің жұмысы алғашқы көмектің жылдамдығына ғана емес, науқастың әрі қарай сауығу барысына да тікелей әсер етеді. Біз күн сайын түрлі клиникалық жағдайлармен бетпе-бет келеміз, тұрмыстық және спорттық жарақаттардан бастап жол-көлік оқиғаларының ауыр салдарына дейін. Травматология саласы кәсіби білім мен тәжірибені ғана емес, сонымен қатар төзімділікті, мұқияттылықты және командалық жұмысты талап етеді.

РКС: Аймақта травматологиялық қызмет қарқынды даму үстінде. Заманауи металл құрылғылар мен шағын тілік арқылы жасалатын емдеу әдістері кеңінен енгізілуде. Бұрын күрделі сынықтан кейін науқастар айлап қимылсыз жатуға мәжбүр болса, бүгінде олардың тезірек оңалып, қалыпты өміріне қайта оралуына жағдай жасалып отыр.

СНХ: МҰРАТБЕК БЕКМҰХАМБЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАСЫ ТРАВМАТОЛОГИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Бұрын науқастарды 3-4 апта бойы қаңқалық тарту әдісімен емдейтінбіз. Бұл кезде пациент төсекке таңылып, аяқ-қолына арнайы тарту жүйесі орнатылатын. Қазір науқасты 2-3 күн ішінде жан-жақты тексеріп, қажетті хирургиялық ем тағайындаймыз, сынықты бекітеміз. Ем алушы соның нәтижесінде 2-3-ші тәуліктен бастап жүріп, бөлімше ішінде еркін қимылдай алады.

РКС: Бүгінде өңірдің травматология саласына заманауи технологиялар кеңінен енгізілуде. Дәрігерлер цифрлық диагностика жүйелерін, жаңа үлгідегі импланттарды қолданады. Соның нәтижесінде науқастар облыс аумағынан шықпай-ақ, сапалы медициналық көмек ала алады.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ