ДИКТОР: UNICEF - Біріккен Ұлттар Ұйымының қамқорлығымен жұмыс істейтін балаларды қорғау жөніндегі халықаралық ұйым. Бүгін аталған ұйымның Қазақстандағы өкілдері Көкшетауға келді.
РКС: Облыстық әкімдікте мәртебелі меймандарды облыс әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев қарсы алды. Кездесу барысында балалардың құқықтарын қорғау, олардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын арттыру, сондай-ақ волонтерлік ұйымдардың қоғамдағы ролін арттыруға бағытталған бастамалар талқыланды. Кездесуден кейін қонақтар «Нұр Бала» балабақшасына барып, аумақты көгалдандыру акциясы аясында ағаш көшеттерін отырғызды.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: РАШЕД МУСТАФА САРВАР, UNICEF-ТІҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӨКІЛІ: Бұл менің Көкшетауға алғаш келуім. Жасыл желекке оранған, өте жайлы әрі өмір сүруге қолайлы қалаларыңызды көріп, ерекше әсер алып отырмын. Біздің сапарымыздың бірнеше мақсаты бар. Біріншіден, облысты балалардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жетістіктерімен және бұл салада жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін ресми түрде құттықтап келдік, екіншіден, біз Көкшетауда Солтүстік Қазақстан өңірлеріне арналған жастар волонтерлік хабын ашамыз. Бұл солтүстік өңірлердің барлығын біріктіретін бірегей орталық болмақ. Мұнда жастар мен волонтерлер балалардың құқықтарын қорғау, экологиялық бастамаларды дамыту, мектептердегі зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алу, сондай-ақ менталдық денсаулықты қолдау бағыттарында жұмыс істейді. Сондықтан Көкшетау біз үшін ерекше маңызды орын.
СНХ: ЕРСАЙЫН ҚАБДІРӘШЕВ, «UNICEF ЖАСТАРЫ» ҰЛТТЫҚ ВОЛОНТЕРЛІК БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ: Бұл волонтерлық хабтары 6 өңірде бар. Көкшетау қаласында, Семей қаласында, Ақтау қаласында, Алматы, Астана және Жетісу өңірінде бар. Көкшетау төртінші өңір, Астанада, Алматыда әлі ашылған жоқ. Осы жазда ашамыз. Көкшетау төртінші. Бірақ та Көкшетау хабы, ол тек қана Ақмола облысынан емес, жалпы барлық солтүстікке өңірлерді қамтиды. Біздің бағдарламамыз барлық жастарға ашық, 16 жастан бастап 35 жасқа дейін бүкіл Қазақстан бойынша өтініш қабылдай аламыз. Өйткені бізде платформамыз бар, ЮНИСЕФ жастары деген платформа. Әр бір жас бала осы платформада тіркеле алады. Қазір міне бізде тіркеу ашық, unicefzhastary.kz сайтында. Одан кейін олар қажетті курстан өтеді.
РКС: Акция аясында балабақша аумағына 60 түп ағаш көшеті отырғызылды. Шараға ЮНИСЕФ өкілдері, волонтерлер, ішкі саясат басқармасының қызметкерлері және балабақша тәрбиешілері қатысты. Ұжым мүшелері экологиялық бастаманың өз балабақшаларында ұйымдастырылғанына қуаныштарын жасырмады.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: ЛЮДМИЛА КРАСНИКОВА, «НҰР БАЛА» БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ ТӘРБИЕШІСІ: Бүгін біздің «Нұр Бала» балабақшасының аумағында облыс әкімдігі мен волонтерлік қозғалыстың қолдауымен осындай ауқымды экологиялық акция өтіп жатыр. Бүгін бізге ЮНИСЕФ ұйымының өкілдері келді. Енді біздің балабақша бұрынғыдан да жасыл желекті, көрікті әрі экологиялық таза болады.
РКС: ЮНИСЕФ әлемнің көптеген елдерінде қызмет атқаратын халықаралық ұйым. Қазақстанда ол 2023 жылдан бастап жұмыс істейді. Былтыр ұйым волонтерлері еліміз бойынша 500 тоннаға жуық қоқыс жинап, 20 мың көшет отырғызуға атсалысқан. Енді аталған ұйым Көкшетау қаласында да өз қызметін жалғастырмақ. Алдағы уақытта ЮНИСЕФ-пен бірлескен экологиялық және әлеуметтік акциялар тұрақты түрде өткізілмек.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ