ДИКТОР: Мамырдың 17-сі мен 25-і аралығында Көкшетауда «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық шарасы өтіп жатыр. Полиция қызметкерлері қала көшелерінде рейдтік тексерулер жүргізіп, жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін сақтауын бақылауға алуда. Тәртіп сақшыларымен бірге рейдке тілшіміз Евгений Варанкин шықты.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Аталған шараның негізгі мақсаты жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы қатысушыларының тәртібін арттыру және жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу фактілерін анықтау.

СНХ: БЕЙБІТ САДЫҚОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІ ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯ БАТАЛЬОНЫ КОМАНДИРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Жедел-профилактикалық іс-шара барысында полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқарып, жылдамдық режимін сақтау бақылауда. Сонымен қатар масаң күйде көлік басқару және жол қауіпсіздігіне қауіп төндіретін өзге де құқық бұзушылықтарды анықтау жұмыстары жүргізілуде. Жаяу жүргіншілердің, балалардың қауіпсіздігіне, сондай-ақ мопед пен электросамокат жүргізушілері тарапынан болатын құқық бұзушылықтардың алдын алу ерекше назар аударылуда.

РКС: Тәртіп сақшылары жедел-профилактикалық іс-шаралар барысында көптеген құқық бұзушылықтар анықталатынын айтады. Оның ішінде көлік құралында дәрі қобдишасының немесе өрт сөндіргіштің болмауы. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 590-бабы 5-бөлігіне сәйкес, өрт сөндіргіштің болмауы үшін 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл көзделген.

СНХ: ҚУАНЫШ ЕШІМОВ, ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯ БАТАЛЬОНЫНЫҢ АҒА ИНСПЕКТОРЫ: Жүргізушілер тарапынан өрескел құқық бұзушылықтар жасалуда. Атап айтқанда, 600-ші бап бойынша жаяу жүргіншілерге жол бермеу деректері анықталуда. Сонымен қатар қауіпсіздік белдігін тақпау, ұялы телефон пайдалану сияқты көлік басқаруға кедергі келтіретін әрекеттер де жиі кездеседі. Қарсы жолаққа, бағдаршамның қызыл сигналына өтіп кету секілді өрескел құқық бұзушылықтар да көп тіркеліп жатыр. Шара барысында медициналық қобдишасы мен өрт сөндіргіштің болуын тексереміз. Дәрі қобдишасы мен өрт сөндіргішті көлікте алып жүру әр жүргізушінің міндеті. Бұл ең алдымен жүргізушінің қауіпсіздігі үшін қажет. Кез келген төтенше жағдайда адамға алғашқы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

РКС: Тәртіп сақшыларының айтуынша, жаяу жүргіншілер де жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауы қажет. Әсіресе белгіленбеген жерден жолды кесіп өту, бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту секілді әрекеттер жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін. Полиция қызметкерлері тұрғындарды сақ болуға және жолдағы қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ