ДИКТОР: Бүгінде Қазақстан сыртқы саясатын көпвекторлы, байыпты әрі теңгерімді қағидаттарға сүйене отырып жүзеге асырып келеді. Бұл бағыт мемлекетке көрші елдермен, әлемнің жетекші державаларымен, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен де сындарлы әрі тұрақты қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік беріп отыр. Жаһандық тұрақсыздық кезеңінде мұндай дипломатиялық ұстаным Қазақстанның орнықтылығын нығайтып, халықаралық беделін арттыруда.

РКС: Тәуелсіздік жылдарынан бері Қазақстан әлемдік қауымдастықтан өз орнын айқындап, беделді мемлекет ретінде қалыптасты. Бүгінде еліміз 70-тен астам халықаралық, өңірлік және жаһандық ұйымдардың толыққанды мүшесі. Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы және өзге де халықаралық құрылымдар аясындағы серіктестікті дамытуға ерекше мән беріп келеді.

СНХ: АМАНАЙ СЕЙІТҚАСЫМОВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ: Бұл ұйымдардың әрқайсысының өзіндік бағыт-бағдары бар. Мәселен, Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында біз мүше мемлекеттермен негізінен экономикалық салада тығыз ықпалдастық орнаттық. Ал Түркі әлемі – ортақ тарихи тамырымызды, мәдени және рухани байланыстарымызды сақтауда айрықша маңызға ие. Жуырда Түркия Президенті Ердоғанның елімізге сапары барысында Қазақстан мен Түркия арасында мәдениет, экономика және басқа да бағыттар бойынша бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылды. Бұл Қазақстанның тек бастамашы ел ғана емес, көпвекторлы әрі салмақты сыртқы саясат жүргізіп отырғанын айғақтайды. Сонымен қатар мемлекет өз болмысын, ұлттық ерекшелігін және даму жолын сақтай отырып, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуде.

РКС: Қазақстан жылдар бойы бейбіт бастамаларды қолдайтын мемлекет ретінде қалыптасып, халықаралық аренада бейбітшілік пен диалог идеясын ілгерілетіп келеді. Бейбітшілік миссиялары мен өзара сенімге негізделген ынтымақтастық - еліміздің сыртқы саясатының маңызды бағыты. Қазақстан тек жаһандық мәселелерді талқылауға қатысып қана қоймай, қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға бағытталған нақты бастамаларды да ұсынуда.

СНХ: АРДАҚ ҚАПЫШЕВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ: Соңғы жылдардағы маңызды мысалдардың бірі – Қазақстанның Голан биіктіктеріне бітімгерлік күштерін жіберуі. Бұл Сирия мен Израиль арасындағы аумақта шамамен 130 қазақстандық бітімгер қызмет атқарды. Олар әскери қақтығыстарға қатыспай, негізінен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, гуманитарлық және медициналық көмек көрсету бағытында жұмыс істеді. Бұған дейін де Қазақстан Сириядағы дағдарысты реттеу үдерісіне белсенді атсалысты. Сондай-ақ қазақстандық бітімгерлер Ливан миссияларында және Африка құрлығындағы бітімгерлік операцияларда да тәжірибе жинақтады. Бұл Қазақстанның халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға қосып отырған нақты үлесін көрсетеді.

РКС: Қарқынды өзгеріп жатқан жаһандық жағдайда Қазақстанның басты ұстанымдары өзгеріссіз - бейбітшілікке ұмтылу, ашық диалог, және өзара тиімді ынтымақтастық. Қазақстан халықаралық қауымдастықтың жауапты әрі белсенді мүшесі ретінде өз рөлін нығайтып келеді. Қазіргі күрделі кезеңде де айқын бір шындық дәлелденіп отыр. Ол тұрақты болашақтың берік негізі – дипломатия, өзара түсіністік және бейбіт ынтымақтастық.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ