ДИКТОР: Көкшетауда «DOSTI Skills Kokshetau 2026» халықаралық салалық чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Кәсіби дода шаһардағы жоғары техникалық колледжінің базасында ұйымдастырылып отыр. Чемпионатқа 70-ке жуық қатысушы мен халықаралық 45 сарапшы қатысып жатыр. Сайыс мамырдың 22-не дейін жалғасады. Айта кетейік, білім бәсекесі осыған дейін Түркістан, Алматы, Ақтау қалаларында өткізілген.

РКС: Бір апта бойы қатысушылар үшін білім беру сессиялары, шеберлік сабақтары мен практикалық тренингтер ұйымдастырылады. Олар заманауи инженерлік дағдыларын жетілдіріп, халықаралық сарапшылардан тәжірибе ала алады. Қонақтар мәдени-іскерлік бағдарлама аясында өңірдің табиғи көріністерімен танысып, туристік нысандарын аралайды. Жарыс негізгі күндерінде электроника, робототехника, прототиптеу және ұшқышсыз ұшу жүйелері бағыттары бойынша өзара бақ сынайды.

СНХ: РУСТЕМ КОВАЛЕВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША БАС САРАПШЫ: Тапсырмалар 90 процентке дейін жабық форматта беріледі. Негізгі міндет – белгісіз ортада жұмыс істейтін, 4 те 2 метрлік алаңда берілген функцияларды толық орындай алатын роботты құрастыру және жобалау. Қатысушылар құпия тапсырмаға сәйкес роботты үш күн ішінде жинақтап, бағдарламалап және конструкциялау қажет. Ресми конкурс күндері мамырдың 18-і мен 20-сы аралығына жоспарланған. Әр күнгі таңғы брифинг барысында конверт ашылып, жаңа тапсырма жарияланады. Оны орындау үшін 3-тен 6 сағатқа дейін уақыт беріледі.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Чемпионаттың жоғары деңгейде өтуіне сарапшылар ерекше үлес қосып отыр. Олардың қатарында отандық мамандар, сондай-ақ, Сауд Арабиясы, Әзербайжан Австрия, Жапония елдерінен келгендер де бар. Жетекшілер WorldSkills халықаралық стандарттарына сәйкес әр тапсырманың орындалу сапасын, дәлдігін және технологиялық талаптарға сай болуын қадағалайды.

СНХ: RYSEUI MATSUI, WORLDSKILLS SHANGHAI 2026 БАС САРАПШЫСЫ: Мен ұшқышсыз ұшу аппараттары командасын таныстырамын. Ең алдымен, осы жарысқа шақырғандарыңыз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. Команда мүшелері бұл додаға қатысу мүмкіндігіне ие болғанына өте қуанышты. Қазақстанға келген сәттен бастап бізді жылы қабылдады. Адамдардың мейірімділігі мен қонақжайлығы ерекше әсер қалдырды. Осы үшін баршаңызға шын жүректен ризашылығымызды білдіреміз. Жапонияның дрондар командасы ретінде бар күшімізді салып, өз мүмкіндігімізді көрсетуге дайынбыз. Сонымен қатар, сіздермен тәжірибе алмасып, бірге үйрену үшін үлкен ықылас танытып отырмыз. Осындай мүмкіндік сыйлағандарыңыз үшін тағы да алғыс айтамыз. Біз алдағы қызықты әрі тартысты жарыстарды асыға күтеміз.

РКС: Байқау үміткерлерінің бірі – Әділет Қожахмет. Әділет – Көкшетауда жоғары техникалық колледжінің түлегі. Бүгінде Астанадағы технология және бизнес университетінде білім алып жүр. Дегенмен ол бұл байқауға өзі түлеп ұшқан оқу орнының атынан қатысып отыр. Жас маман «DostiSkills» байқауына бірнеше мәрте қатысып, әр жылы жаңа тәжірибе жинақтағанын айтады. Оның жарыс жолы біртіндеп қалыптасқан. Алғашқы жылы тек бақылаушы ретінде тәжірибе жинаса, екінші курста тікелей қатысып, өз мүмкіндігін сынап көрген. Үшінші курста облыстық кезеңнен сүрінбей өтіп, республикалық деңгейде жеңімпаз атанды. Ал соңғы курста сол жетістігін қайталап, тағы да жеңіс тұғырынан көрінді.

СНХ: ӘДІЛЕТ ҚОЖАХМЕТ, «DOSTI SKILLS KOKSHETAU 2026» БАЙҚАУЫНЫҢ ҚАТЫСУШЫСЫ: Мен мобильді робототехника құзыреті бойынша қатыстым. Бұл менің алғашқы жарысым емес. Бұған дейін облыстық және республикалық чемпионаттарға қатысып, жүлделі бірінші орындарды иеленгенмін. Биыл DOSTI Skills жарысы біздің Көкшетауда өтіп жатыр. Былтыр Ақтау қаласында ұйымдастырылған болатын. Онда да біз бірінші орынды жеңіп алған едік. Мобильді робототехника бойынша жарыс командалық түрде өтеді. Біз екі адамнан құралған командамен қатысамыз, мен және менің серігім. Биылғы тапсырма бойынша робот көкөністер мен жемістерді жинап, сұрыптап, түрлі тапсырысты орындауы қажет. Бұл тапсырыстар әр қатысушы үшін әртүрлі болады. Яғни бірдей нысандар болса да, оларды әр қатысушы түрлі тәртіппен жинауы тиіс. Бұрынғы тапсырмада робот медициналық кабинеттерді аралап, қажетсіз заттарды – мысалы, қоқысты жинап, дәрі-дәрмектерді тасымалдауы керек болатын. Егер робот инфекция жұққан нысанды тауып, оны арнайы жерге тастап, өзін тазарту режиміне өтуі қажет еді.

РКС: Бұл дода – WorldSkills Shanghai 2026 әлем чемпионатына қатысатындарды анықтайды. «Электроника», «Мобильді робототехника» және «Ұшқышсыз әуе аппараттары» құзыреттіліктері бойынша республикалық чемпионатта І, ІІ және ІІІ орын иеленген қатысушылар өзара бақ сынайды. Осылардың арасынан анықталған жеңімпаз Қытайда өтетін WorldSkills Shanghai 2026 халықаралық чемпионатында еліміздің намысын қорғамақ.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ