ДИКТОР: Жарқайың ауданында құқық қорғау органдарының қатысуымен маңызды ата-аналар форумы өтті. Кездесуде өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бала тәрбиесіндегі ата-ана жауапкершілігі және жаңа оқу жылы алдындағы өзекті мәселелер талқыланды. Басқосуда балалардың қауіпсіздігі, тәрбие жұмысы және жаңа оқу жылындағы өзекті міндеттер қаралды. «Балаға қауіпсіз орта қалыптастыру - баршамыздың ортақ міндетіміз» деген маңызды ой басқосудың басты тақырыбына айналды.

РКС: Жиын барысында оқушылар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру тақырыбы кеңінен сөз болды. Атап айтқанда, цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздік, интернеттегі ықтимал қауіп-қатерлерден қорғау және кәмелетке жасы толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағыттары. Балалардың қауіпсіздігі ең алдымен отбасы жауапкершілігінде. Осы орайда мамандар ата-аналарға баланың смартфонын назардан тыс қалдырмай, олардың қандай контентті қарап жүргенін бақылап, интернеттегі әрекеттеріне бей-жай қарамауға шақырды.

СНХ: ӘСЕЛ ҚАНАТОВА, ЖАРҚАЙЫҢ АУДАНДЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ: Қазір ақпараттық ресурстардың дамуына байланысты есірткі саудасы интернетке ауысып, «жасырын тасымалдаушы» әдісі негізгі сату тәсіліне айналды. Бұрын есірткіні сатып алу үшін сатушымен жеке кездесу қажет болса, қазір тек смартфонның болуы жеткілікті. Осы схеманың жұмысын қамтамасыз ету үшін есірткі сатушылар жасырын орындарға затты қоюға жастарды белсенді түрде тартып отыр.

РКС: Балалармен дұрыс қарым-қатынас орнату қоғам үшін аса маңызды мәселе. Қажет болған жағдайда ата-аналар мектеп психологтарының көмегіне жүгініп, бала мен ересек арасындағы өзара түсіністікті нығайта алады. Себебі қазіргі цифрландыру дәуірінде балалар ерте жастан-ақ телефон мен түрлі гаджеттерге әуестеніп барады. Осыған байланысты ата-ананың баламен ашық сөйлесуі, оны тыңдай білуі және дұрыс бағыт беруі - уақыт талабы, - дейді психолог мамандар.

СНХ: АСЛАН МАНАТОВ, ПЕДАГОГ-ПСИХОЛОГ: Бала үнемі телефонда отырса, отбасында өзара қарым-қатынас біртіндеп азая бастайды. Кейін балалар өсіп, жасөспірім шаққа жеткенде біз өзімізге сұрақ қоя бастаймыз. Неге олар бізбен сөйлескісі келмейді? Неге ашылып әңгімелеспейді? Неге олардың өз құпиялары пайда болады деп. Мұның бәрі біртіндеп жиналып, бала өздігінен шеше алмайтын үлкен мәселеге айналады. Соның салдарынан ол өмірде кездесетін қиындықтарды жалғыз өзі шешуге қиналады.

РКС: Бүгінде мектеп пен ата-ана бір мақсаттағы серіктес ретінде әрекет етуі тиіс. Отбасы мен білім беру ұйымының өзара тығыз ынтымақтастығы ғана балаға қолдау сезімін, сенімділік пен қауіпсіз ортаны қалыптастыра алатыны сөзсіз.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ