ДИКТОР: Алдағы жылу беру маусымына дайындық үшін 45 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Аймақта ондаған шақырым жылу желісін жаңарту, ескі қазандықтарды ауыстыру және заманауи жабдықтарды орнату жоспарланған. Көкшетау мен Степногорск қалаларындағы тозығы жеткен инфрақұрылымды жаңғыртуға да ерекше көңіл бөлінуде. Сонымен қатар жаңа жылу электр орталығының құрылысына дайындық та қарқын ала түскен. Бірінші кезегін іске қосу 2028-ші жылға жоспарланып отыр.
РКС: Өндірістік қалада 20 шақырымнан астам жылу желісін жаңарту, сондай-ақ жылу-электр станциясындағы қазандықтар мен турбиналарды жөндеу жоспарланған. Жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыстардың нәтижесінде станцияның тозу деңгейі 59 проценттен 54 процентке дейін төмендейді деген болжам бар. Бұл өз кезегінде 15 мыңнан астам абонентті тұрақты әрі үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
СНХ: БАҚТЫБЕК ЖАПАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Степногорск қаласын алдағы жылу беру маусымына дайындау үшін 14,8 миллиард теңге қарастырылған. 1,4 миллиард теңге республикалық бюджеттен жылу желілерін жаңғыртуға бөлінсе, ұлттық жоба аясында 2,8 миллиард теңге бағытталмақ. Қазір жылу транзитін жаңарту жұмыстары энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасы арқылы диаметрі 820 миллиметр болатын құбыр желісі толық ауыстырылады. 5 шақырымға жуық құбыр жаңартылмақ. Қаржы толық бөлініп, мердігер мекеме анықталды. Жобаны жүзеге асыру маусым айында басталады. Жаңартылатын жылу желісінің ұзындығы 9,4 шақырым. Ал келер жылы қосымша тағы 4,7 шақырым құбырды ауыстыру жоспарланып отыр.
РКС: Көкшетауда аудандық бірінші және 2-ші қазандықтардағы жөндеу жұмыстары жалғасады. Бұл мақсатқа Үкімет резервінен 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Жоба аясында қазандық агрегаттарының негізгі бөлігі жаңартылып, жылу беру жүйесінің сенімділігі арта түспек. Нәтижесінде жабдықтардың тозу деңгейін 43-тен 41 процентке дейін төмендету жоспарланып отыр. Облыс орталығында жаңа жылу-электр станциясы құрылысының жобасы да кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.
СНХ: БАҚТЫБЕК ЖАПАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Бүгінде Көкшетау жылу-электр станциясының сыртқы инфрақұрылымын жобалау жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында жылу және электр желілері, су құбыры мен кәріз жүйелері, сондай-ақ көлік логистикасы, яғни автомобиль және теміржол жолдарының инфрақұрылымы кешенді түрде қарастырылған.
РКС: Жаңа станцияның алғашқы кезеңі 2028 жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр. Нәтижесінде өңір 120 мегаватт электр қуатымен және 2028–2029 жылдардағы жылу беру маусымында 300 гигакалорий жылу энергиясымен қамтамасыз етіледі. Ал жобаның екінші кезеңі 2029 жылы жоспарланып отыр. Құрылыс толық аяқталғаннан кейін станция қуаты 240 мегаватт электр энергиясын және 820 гигакалорий жылу энергиясын беруге қауқарлы болады деген болжам бар.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ