ДИКТОР: Көкшетауда білім мен талант тоғысқан тағылымды кездесу өтті. Ақмола облысында ғылым мен білім бәйгесінде топ жарып, халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғап жүрген жас дарындар баршылық. Оқу жылы басталғалы 3,5 мыңға жуық оқушы түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, 1300-ден астам марапатқа ие болды. Оның 250-ден астамы алтын. 400-дейі күміс, қалғаны қола медаль. Өңірдің талапты жастарымен Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтпаев кездесіп, ел болашағы білімді ұрпақтың қолында екенін атап өтті.
РКС: Жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі шараға биыл Ақмола облысының түкпір-түкпірінен 80-ге жуық дарынды оқушы жиналды. Білім мен ғылым бәйгесінде бақ сынап, түрлі республикалық және халықаралық додаларда топ жарған жастар оқу жылы басталғалы облыс қоржынына 160 медаль салды. Оның ішінде 25-і алтын, 48-і күміс, ал 87-сі қола медаль. Бұл талапты жастардың табанды еңбегі мен білімге деген құштарлығының жарқын көрінісі.
СНХ:КЕМАЛЬ ШАМИЛОВ, №2 ОРТА МЕКТЕБІНІҢ 10 СЫНЫП ОҚУШЫСЫ: (АТБАСАР): Қазақ тіліне кішкентайымнан қызығамын. Әртүрлі олимпиадалар мен жарыстарға қатысып жүрмін. Биыл республикалық олимпиададан 3-ші орын алдым. Бұл мен үшін үлкен қуаныш болды. Жалпы көмектескен ұстазыма, қолдау көрсететін ата-анама және біздің білім алуға барлық жағдай жасап отырған мемлекетімізге алғыс білдіремін. Болашақта өз білімімді ныңайтуға, дамытуға тырысамын.
РКС: Кездесу еркін форматта өрбіп, жас дарындар Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтпаевпен ашық пікір алмасты. Оқушылар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, болашаққа қатысты ойларымен бөлісті.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Жас өнертапқыш Әмірхан Қожанов жасанды интеллект көмегімен өртті ерте анықтайтын бірегей құрылғы жасап, өзінің тың жобасымен республикалық байқауда жүлделі ІІІ орынды қанжығасына байлады. Ғылымға құштар өрен жобасын тәжірибе жүзінде сынақтан өткізіп, болашақта құрылғыны өңір игілігіне пайдалануды мақсат ететінін жеткізді. Оның айтуынша, бұл жаңашыл жоба тілсіз жаудың алдын алуға сеп болып, адам өмірін сақтауға қызмет етпек.
СНХ: ӘМІРХАН ҚОЖАНОВ, №5 «ТАҢДАУ» КӨПСАЛАЛЫ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ: Жобамның басты мақсаты бейнебақылауды үздіксіз сканерлеп, өрт ошақтары мен түтін белгілерін ерте анықтайтын интеллектуалды жүйені енгізу. Арнайы бағдарлама қауіпті жағдайды байқаған сәтте-ақ ақпаратты жедел түрде Төтенше жағдайлар қызметіне жолдайды. Бұл технологияның артықшылығы апаттың алдын алуға, өрттің таралуын азайтуға және жедел әрекет ету уақытын едәуір қысқартуға мүмкіндік береді.
РКС: Досұлан Айтпаев жас өрендердің білім мен ғылым жолындағы талпынысына жоғары баға беріп, жүрекжарды лебізін жеткізді. Ол ел үмітін арқалаған дарынды жастарға алғыс айтып, алдағы бастамаларына сәттілік тілеп, барлық оқушыларға ақшалай сыйлық табыстады. Сондай-ақ, жас таланттарға әрдайым қолдау көрсетілетінін ерекше атап өтті.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ