ДИКТОР: Келесі аптада бүкіл әлемде 53-ші рет Халықаралық мейірбике күні аталып өтеді. Мейірбике ақ халатты абзал жанның сенімді серігі. Дәл осы мейірімді жандар науқас адамды алғаш қарсы алып, ем аяқталғанша жанынан табылып, үміт пен сенім сыйлайды. Дәрігер мен пациент арасындағы алтын көпірге айналған осындай жанашыр жандардың бірі туралы тілші бейнематериалында.
РКС: Қымбат Құсайынованың мамандыққа деген махаббаты бала күнінде оянған. Бірде аяулы әжесі ауруханаға түсіп, отбасы болып халін білуге барады. Жақын адамының қиналғанын көрген кішкентай Қымбаттың жүрегінде оған көмектесемін деген асыл арман пайда болады. Сол сәтте ақ халатты мейірбикелердің жанашырлығы мен қамқорлығын көріп, болашақ өмірін осы сауапты мамандықпен байланыстыруды шешеді. Мектепті тәмамдаған соң Қымбат Құсайынова медицина училищесіне оқуға түсіп, білім жолына нық қадам басады. Еңбек жолын облыстық аурухананың пульмонология бөлімшесінде бастайды. Алғашқыда қарапайым тазалықшы болып қызмет еткен ол еңбектен қол үзбей, қатарынан білімін жетілдіріп, кәсіби шеберлігін шыңдай түседі. Бүгінде Қымбат Қайырбекқызы облыстық көпсалалы аурухананың эндоскопиялық орталығындағы аға мейірбике. Жауапкершілігі мол қызмет атқарса да, оның жүрегіндегі басты мұрат сол күйі өзгерген жоқ. Адамға шипа сыйлап, жанға демеу болу.
СНХ: ҚЫМБАТ ҚҰСАЙЫНОВА, ОБЛЫСТЫҚ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАСЫ ЭНДОСКОПИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ АҒА МЕЙІРБИКЕСІ: Науқастың сырқаттанып жүргенін көрсем, оған міндетті түрде көмектескім келіп тұрады. Адамға дұрыс жол көрсетіп, «Емді тоқтатпаңыз, мына маманға қаралыңыз, денсаулыққа бей-жай қарамаңыз»,-деп жанашырлықпен түсіндіруге тырысамын. Біздің тексерістен шыққан әр жанның сауығып, өмірге құлшыныспен қайта оралғанын көру айтып жеткізе алмайтын ерекше сезім. Осындай сәттер мамандығыма деген сүйіспеншілігімді одан әрі арттыра түседі.
РКС: Әріптестері Қымбат Қайырбекқызын өз ісін жетік меңгерген, жауапкершілігі жоғары әрі жанашыр маман ретінде бағалайды. Ол қашан да көмек қолын созуға дайын, жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, тәжірибесімен бөлісуден жалықпайды. Көпшілік үшін ол жай ғана әріптес не тәлімгер емес, ақылын айтып, демеу болатын жанға айналған.
СНХ: АЛЕКСАНДР КОЛОСОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАСЫ ЭНДОСКОПИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ ХИРУРГ-ЭНДОСКОПИСТІ: 2-ші анамдай көремін десем, артық айтқандық емес. 2015 жылы Қарағанды медицина университетін тәмамдап, бірден облыстық ауруханаға жұмысқа орналастым. Сол кезде ұжымда Қымбат Қайырбекқызы аға мейірбике болып қызмет атқаратын. Ол мені жылы қарсы алып, эндоскопия саласының қыр-сырын үйретіп, мамандықтың алғашқы әліппесін танытты. Қымбат Қайырбекқызы өз ісінің нағыз шебері, тәжірибесі мол маман. Адамгершілігі ерекше жан. Әрдайым қолдау көрсетуге әзір мейірімді, жанашыр жан.
РКС: Қымбат Құсайынованың кенже ұлы да ана жолын жалғап, медицина саласын таңдады. Бүгінде ол жедел жәрдем қызметінде еңбек етіп жүр. Анасының өнегелі өміріне қарап өскен ол, көмекке мұқтаж жандардың жанынан табылудың қаншалықты маңызды екенін жүрегімен сезініп өсті. Қымбат Қайырбекқызының өмір жолы өз мамандығын шын сүйген, таңдаған кәсібіне адал жанның тағылымды тағдыры. Оның еңбегі мен адамгершілігі айналасына жылулық сыйлап, көпшілікке үлгі болып келеді.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ