Сыбайлас жемқорлықпен күрес – ортақ міндет
ДИКТОР: Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына кедергі келтіріп, мемлекеттік институттарға деген сенімді әлсірететін өзекті мәселенің бірі. Онымен күрес тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл – мемлекеттік мекемелерден бастап білім беру ұйымдарына дейінгі барлық саланың ортақ жауапкершілігі. Бүгінде елімізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, құқықбұзушылықтарды анықтау және қоғамда адалдық мәдениетін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Әсіресе ішкі істер органдары мен жоғары оқу орындарында бұл бағыттағы шараларға ерекше мән беріліп отыр.
РКС: Елімізде ішкі істер органдары – заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін маңызды құрылымның бірі. Сондықтан бұл саладағы ашықтық, қызметтік әдеп және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет ерекше маңызға ие. Қызметтік тәртіпті сақтау, құқықбұзушылықтардың алдын алу, қызметкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу – осы бағыттағы негізгі міндеттердің қатарында. Сыбайлас жемқорлықпен күресте тек заң бұзылғаннан кейін жауапкершілікке тарту жеткіліксіз. Ең бастысы – құқықбұзушылыққа себеп болатын жағдайларды алдын ала анықтап, оның орын алуына жол бермеу.
СНХ: ШАХНАЗАР ӘШІРБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ӨЗІНДІК ҚАУІПСІЗДІК БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Заң пен тәртіп» қағидатын іске асыру мақсатында Полиция департаменті ішкі істер органдары қызметкерлері арасында тәртіпті нығайтуға және олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы орнықтылығын арттыруға бағытталған профилактикалық іс-шаралады тұрақты негзіде жүргізіп келеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жоспары шеңберінде мемлекеттік қызмет істері агенттігі мамандарының қатысуымен дәрістер өткізіледі. Сыбайлас жемқолықтың қылмыстық құқық бұзушылық екенін ескеру керек. Полиция қызметкерлеріне пара ұсыну жағдайында қалай әрекет ету жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
РКС: 2021 жылдан бастап еліміздегі бірқатар мемлекеттік жоғары оқу орындарында корпоративтік басқару жүйесіне көшу үдерісі күшейді. Осы өзгерістер аясында комплаенс-қызметтердің жұмысына да басымдық берілді. Комплаенс-қызметтің негізгі міндеті – университеттегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау, заңбұзушылықтардың алдын алу, мониторинг жүргізу және басшылыққа тиісті ұсыныстар енгізу. Бұл қызмет тек келіп түскен шағымдарды қараумен шектелмейді. Әлеуметтік желілерге, ресми ақпарат көздеріне мониторинг жүргізіп, құрылымдық бөлімшелердің жұмысын зерделеу арқылы ықтимал тәуекелдерді алдын ала анықтауға басымдық береді.
СНХ: БЕКНҰР АМАНГЕЛДІ, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ КОМПЛАЕНС-ОФИЦЕРІ: Мысалы, биыл 2026 жылы әрине, құқық бұзушылықтардың, мысалы үш-төрт тек оқу жылы басталған кезде анық құқық бұзушылықтың үш-төрт түрін анықтадық. Дер кезінде біз қауіпті қызметімен оны қолға алдық, алдын алдық. Оның, мысалы, мақсаттың ниеттің орындауына жол берген жоқпыз. Қажетті материалдар басшылыққа тапсырылды. Енді біз қазір ол тәртіптік комиссиясын отырысын күтеміз. Ол бойынша мәлімдеме қызметтік хат жазамыз. Сосын комиссия отырысы болғаннан кейін нәтижесі белгілі болады.
РКС: Сыбайлас жемқорлықпен күрес – бір күндік науқан емес, үздіксіз жүргізілуі тиіс жүйелі жұмыс. Құқық қорғау органдарының қызметтік жауапкершілігі, білім беру ұйымдарындағы академиялық адалдық және қоғамның құқықтық мәдениеті өзара ұштасқанда ғана нақты нәтижеге қол жеткізуге болады. Заңға құрмет, әділдікке адалдық және жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік –өркениетті қоғам қалыстастырудың басты шарты.
МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ