Негізгі Жаңалықтар 435 мыңнан астам қазақстандық «Ұлттық қор-балаларға» бағдарламасының қаражатын пайдаланды

435 мыңнан астам қазақстандық «Ұлттық қор-балаларға» бағдарламасының қаражатын пайдаланды


ДИКТОР: «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 435 мыңнан астам қазақстандық өз жинағын кәдеге жаратқан. Бүгінде кәмелетке жасы толмағандардың есепшотына 97,5 миллион доллар аударылған. Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорының мәліметінше, қаражаттың басым бөлігі баспана мәселесін шешуге бағытталса, қалғаны білім алуға жұмсалуда. Алайда кәмелет жасына толған азаматтардың шамамен 40 проценті өздеріне тиесілі қаржыны әлі пайдаланбаған.

РКС: Көкшетау қаласының тұрғыны Ақмарал Сәдуақасова төрт бала тәрбиелеп отыр. Тұңғышы кәмелеттік жасқа толған соң, отбасы Ұлттық қордан тиесілі қаражатты алуға бірден өтінім берген. Ата-анасының айтуынша, төлемді рәсімдеу еш қиындық туғызбаған. Бар болғаны бірнеше қадам жасап, өтінімді онлайн түрде жолдаған. Ал есепшотқа түскен қаражат ұлының болашаққа деген алғашқы қадамына үлкен қолдау болған.

СНХ: АҚМАРАЛ СӘДУАҚАСОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Үлкен балам 2007 жылғы. 2006 жылдан бастап туған балаларға Ұлттық қордан қаражат аударылатынын білдік. Содан соң біз де бұл мүмкіндікті пайдаланып, тиесілі төлемді алдық. Ұлымның есепшотына 232 доллардан астам қаражат түсті. Меніңше, бұл – жастарға көрсетілген үлкен қолдау. Әсіресе, олардың болашаққа сеніммен қадам басуына берілген жақсы мүмкіндік.

РКС: Айта кетейік, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы 2024 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама аясында еліміздегі кәмелетке толмаған әр баланың есепшотына жыл сайын 100 доллардан астам қаражат аударылады. Жинақталған қаржы бала 18 жасқа толғанға дейін Ұлттық банктің инвестициялық басқаруында болады. Ал инвестициядан түскен табыс жинақ көлемін арттырып отырады.

СНХ: СӘУЛЕ ҚОЖАҒҰЛОВА, «ОТБАСЫ БАНКІ» ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ МАМАНЫ: Бағдарлама қаражатын бала кәмелет жасына толғаннан кейін пайдалана алады. Ол үшін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ресми сайты арқылы өтінім беру қажет. Қаражатты үш мақсатқа пайдалануға болады. Біріншісі – тұрғын үй жағдайын жақсарту. Ол үшін ақшаны «Отбасы банкіндегі» депозитке аударып, баспана алуға жинақтауға болады. Екінші бағыт – оқу ақысын төлеу. Ал үшіншісі – болашақта білім алуға қаражат жинау үшін 

РКС: Соңғы деректерге сүйенсек, бағдарламаға үшінші жыл қатарынан қатысып отырған балалардың есепшотында 370 доллардан астам қаражат бар. Екі жылдық жинақ көлемі 260 доллардан асса, жүйеге алғаш қосылғандарға шамамен 130 доллар есептелген. Ата-аналар балаларының есепшотындағы жинақ көлемін электронды үкімет порталындағы жеке кабинетінен немесе банктердің мобильді қосымшалары арқылы тексере алады.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ


Бөлісу