Аймақта жасөспірімдер арасындағы суицид дерегі екі есе өскен
ДИКТОР: Өңірде жасөспірімдер арасындағы суицид дерегі екі есе артқан. Былтыр төрт бала өз-өзіне қол жұмсап көз жұмса, биыл он айда мұндай 8 жағдай тіркелді. Тағы бес жасөспірім суицид жасауға әрекеттенген. Қазір облыста суицидтің алдын алу, балаларға психологиялық қолдау көрсету шаралары күшейтілді.
РКС: Баланың мұндай қадамға баруына не себеп болғанын ата-аналар бірден түсіне бермейді. Бірі баласының тұйықталып, мінезі өзгергенін жасөспірімдік кезеңге тән құбылыс деп қабылдайды. Енді бірі - бұған сыртқы орта әсер етті ме деп топшылайды. Ал мамандар мұндай белгілерге бейжай қарауға болмайтынын айтады. Биыл тіркелген сегіз жағдайдың барлығы отбасындағы түсініспеушіліктен орын алған.
СНХ: ЖАДЫРА ДІЛДАБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Мұндай жағдайға ұшыраған балалардың жас ерекшеліктері 13-17 жас аралығында болып тұр. Әрине, бұл жаста балалар физиологиялық, психологиялық даму кезеңінде болғандықтан оларға ата-ананың қолдауы , арнайы мамандардың қолдауы қажет.
РКС: Жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыру мақсатында білім беру ұйымдарында арнайы кездесулер ұйымдастырылып келеді. Онда оқушыларға буллинг пен кибербуллингтің зардабы, бопсалау, интернеттегі қауіп-қатерлер және заң алдындағы жауапкершілік түсіндіріледі. Қазір бұл жұмыс 153 мектеп пен 26 колледжді қамтыған.
СНХ: ГҮЛНӘР ЖАНБЕКОВА, АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БОЙЫНША УӘКІЛІ: Құқық қорғау бағытында оқушылармен, студенттермен, ата-аналармен және педагогтармен тұрақты кездесулер өткіземіз. Соның бірі – Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің бастамасымен қолға алынған «Құқықтық сағат» жобасы. Оған 13 пен 23 жас аралығындағы жастар қатысады. Кездесулерде жас буынның жас ерекшелігі мен көкейіндегі өзекті мәселелер ескеріледі.
РКС: Балаларға арналған мекемелерде тұрақты мониторинг жүргізіледі. Мамандар қауіпсіздік жағдайын, психологиялық көмектің қолжетімділігін және балалар құқықтарының сақталуын тексереді. Мониторинг нәтижесінде бірқатар мекемеге 32 ұсыным жолданған.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ