ДИКТОР: Ақмола облысында көзі тірі жалғыз майдангер Нұрқасым Әжітаев Қосшы қаласында тұрады. Ғасырдан асқан соғыс ардагерін Жеңіс мерекесі қарсаңында аймақ басшысы Марат Ахметжанов арнайы барып құттықтап қайтты. 101 жастағы Нұрқасым Әжітаевқа Мемлекет басшысының Алғыс хаты, сондай-ақ ақшалай сертификат пен теледидар табысталды. Салтанатты шара жылы әрі жүрекжарды атмосферада өтті. Бұдан бөлек, аймақ басшысы Қосшы қаласының 10 тұрғынына жаңа пәтердің кілтін табыс етті. Бұл баспана азаматтардың әлеуметтік осал тобы санатына жататындарға берілді.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Нұрқасым Әжітаев 1943 жылдың қаңтарында Жаңасемей аудандық әскери комиссариаты арқылы әскер қатарына шақырылған. Новосибирскідегі мергендер мектебін тәмамдаған соң майданға аттанып, авиациялық атқыштар бөлімінде шайқасты. 1945 жылы Берлинді алу операциясына қатысқан. Соғыстан кейін Владивосток маңындағы Артём қаласында әскери бөлімнің комсомол ұйымын басқарды. Ел алдындағы ерен еңбегі мен майдандағы ерлігі үшін Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі орденімен және басқа да медальдармен марапатталған.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Қазір өкінішке орай елімізде Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлердің саны азайып келе жатыр. Кейінгі мәлімет бойынша 60-тан аз боп қалыпты біздің елімізде. Соның біреуі осы Ақмола облысында жаңа Қосшы қаласында ағамыз Нұрқасым Әжітаев. Енді қандай құрмет жасасақ та, қандай марапат жасасақ та, ол кісінің өмірбаянын жаңа көріп кеттіңіз. Бәріне лайық. Өйткені, сондай міне қиындық кезеңдерді өтіп, бүкіл мынау еліміздің тарихында болған сын сағаттарда, сынбай, сүрінбей, міне бүгін осындай күнге, бүгін осында отырған тарихымыз деп айтуға болады ағамызды. Ол ерлікпен елдіктің, батырлықпен жаңқиярлықтың үлгісін көрсетіп отыр ағамыз.

РКС: Ардагерге арнайы мерекелік концерт ұйымдастырылды. Кештің әсерлі сәттерінің бірі - балалардың жүрекке жылы ән тартуы болды. Балғындардың өнері көпшіліктің көңілін толқытып, мерекелік кештің мәнін арттыра түсті.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Салтанат Самалхан - үш баланың анасы. Қосшы қаласындағы жедел жәрдем қызметінде санитар болып еңбек етеді. Балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған ана бұл пәтерді он жыл бойы күткенін айтады. Екі жыл бұрын Қосшы қаласында тұрғын үй кезегіне тұрған ол бүгінде көптен күткен қоныс тойының қуанышына кенеліп отыр.

СНХ: САЛТАНАТ САМАЛХАН, ҚОСШЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Бүгін қоңысты келіп, күнімізді алып қуатирамыз. Он жылдан бері патер кезеңінде тұрған, өте қатты қуаныштымын. Президентімізге, облыс әкімі Марат Мұратович рахмет. Осындай істі яқтық бастауға қолдау көрсеткен жандарға бастаңал бола берсін. Қуаныштымын, қуанышында шек жоқ. Рахмет сіздерге.

РКС: Жаңа пәтерлердің кілтін аймақ басшысы Марат Ахметжанов табыстады.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Бұл жерге үлкен республикалық деңгейдегі индустриялық аймақ аштық. 209 гектарға. Сол жерге ең заманауи технология бар инвесторлар келіп отыр. Жалпы осы жерде осы жоба толыққанды іске асқан кезде 10 мың тұрақты жұмыс орны пайда болады. Жалпы биыл Қосшы қаласы толыққанды газдандырылады. Бұл Президенттің тікелей тапсырмасы. Бірінші кезеңін Президент өзі ашып кетті. Осы жылы 120 мың халықты толық қамтимыз.

РКС: Жалпы өңірде тұрғын үй құрылысы, дайын баспаналарды сатып алу және реновация бағдарламалары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Соңғы жылдары Қосшы қаласында әлеуметтік осал топтарға 700 пәтер берілді. Биыл мемлекет тарапынан шамамен 1300 пәтерді сатып алуға 19 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Биыл Қосшыға шаһар мәртебесінің берілгеніне 5 жыл. Осы уақыт аралығында қала келбеті айтарлықтай жаңарған. Тұрғын үйлермен қатар, әлеуметтік нысандар да жарыса бой көтеруде. Жақын арада бір мың адамды қабылдайтын заманауи емхана мен жаңа аурухана пайдалануға беріледі. 1500 орындық мектептің құрылысы да басталмақ. Ал газбен қамту жұмыстары күзге дейін аяқталуы тиіс.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ