ДИКТОР: Ақмола облысында бүгінгі күні адамның иммун тапшылығы вирусымен өмір сүретін 1 мың 169 адам тіркелген. Олардың 99 пайызы антиретровирустық терапия алады. Бұл медициналық көмектің қолжетімділігі мен науқастарды қолдау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстың тиімділігін көрсететін жоғары көрсеткіш. Үш айдан астам уақыт терапия қабылдап жүрген адамдардың 92 пайызында вирус жүктемесі анықталмайтын деңгейде.

РКС: Жыл сайын мамыр айының үшінші жексенбісінде бүкіл әлемде жұқтырылған иммун тапшылығы синдромынан қайтыс болған адамдарды еске алу күні өтеді. Биыл бұл күн 17 мамырға сәйкес келіп отыр. Басты мақсат – адамның иммун тапшылығы вирусы инфекциясының салдарынан өмірден өткендерді еске алу, осы дертке шалдыққандарға қолдау көрсету және қоғамның осы бағытта ақпараттануын арттыру.

СНХ: НҰРЛАН АҚЫЛБЕКОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ЖИТС-ПЕН КҮРЕС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ: Мемлекет науқастарды қажетті дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етеді. Емдеу қолжетімді, тегін және халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізіледі. Дегенмен терапия тек дәрі қабылдаумен шектелмейді. Бұл–қолдауды қажет ететін процесс. Адамға диагноз қойылған сәттен бастап бірге жүреміз. Оларға жағдайды дұрыс қабылдауға, емді түсінуге, қорқынышты жеңуге және терапияға тұрақты бейімділікті қалыптастыруға көмектесеміз. Өйткені дәл осы бейімділік анықталмайын вирус жүктемесін жеңудің кілті.

РКС: Егер вирустың деңгейі анықталмаған болса, онда ол жұқпалы болып саналмайды. Қазіргі таңда медицина осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Егер иммун тапшылығы вирусымен өмір сүретін адам антиретровирустық терапияны тұрақты түрде қабылдап, вирус жүктемесін анықталмайтын деңгейге жеткізсе, ол жыныстық жолмен вирусты жұқтырмайды.

СНХ: САНДУҒАШ БҰРМАҒАНОВА, АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ЖИТС-ПЕН КҮРЕС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ: Біз науқастардың жағдайын тұрақты түрде бақылап отырамыз. Зертханалық талдаулар жүргіземіз. Вирус жүктемесі мен иммундық мәртебесін бағалаймыз, қажет болған жағдайда емді түзетеміз. Сонымен қатар тестілеудің де маңызы зор. Адам өз мәртебесін неғұрлым ерте білсе, соғұрлым ертерек емді бастай алады. Демек, анықталмайтын вирус жүктемесіне тезірек жетіп, өз денсаулығын сақтайды.

РКС: Бүгінгі таңда иммун тапшылығы вирусы үкім емес. Бұл уақытылы ем алған жағдайда ұзақ әрі саналы өмір сүруге болатын жағдай дейді мамандар. Заманауи медицина осы диагнозы бар адамдардың жұмыс істеуіне, отбасын құруына, болашақты жоспарлауына әбден болатынын және қаншалықты көп адам осыны түсінсе, соншалықты медициналық көмекке кеш жүгінетіндердің саны азаятынын айтады.

ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ