ДИКТОР: Көшеде де, қоғамда да темекі шегу мәдениетіне деген көзқарас түбегейлі өзгерді. Бұрын темекі жарнамасы еркін көрсетіліп, кез келген жерде шегуге еш тыйым салынбайтын. Дегенмен уақыт өзгерді. Бүгінде темекінің зияны туралы ғылыми дәлелдер көбейіп, қоғамдық орындарда шектеулер күшейтілді. Соған қарамастан, кейбір тұрғындар әлі де көпшілік ортада, әсіресе көпқабатты үйлердің кіреберістерінде темекі шегуді жалғастырып, көршілеріне қолайсыздық тудыруда.
РКС: Халық денсаулығын қорғау - мемлекеттің ең маңызды міндетінің бірі. Осы бағытта аурулардың алдын алу және азаматтарды темекі түтінінің зиянды әсерінен сақтау мақсатында шылым шегуге тыйым салынған қоғамдық орындарда құқық бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 441-бабына сәйкес, тыйым салынған жерлерде темекі шегу заң бұзушылық ретінде тіркеледі. Көкшетау қаласында жыл басынан бері осы бап бойынша 87 құқық бұзушылық анықталған.
СНХ: МАРАТ ӘМІРЖАНОВ, №5 УЧАСКЕЛІК ПОЛИЦИЯ ИНСПЕКТОРЫ: 441-бап Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынған орындарда темекі өнімдерін тұтынуға қатысты жауапкершілікті көздейді. Олардың қатарында темекі өнімдерін пайдалану, кальян шегу, электронды темекі құрылғыларын және вейптерді қолдану, сондай-ақ қыздырылатын темекі өнімдерін тұтыну бар. Мұның бәрі Қазақстан Республикасының заңымен тыйым салынған қоғамдық орындарда жасалған жағдайда құқық бұзушылық болып есептеледі. Заң талаптарын бұзған азаматтарға 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған, бұл қазіргі есеппен 64 875 теңге. Ал егер бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанса, айыппұл мөлшері 20 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғаяды, яғни шамамен 86 500 теңге.
РКС: Тұрғындар әлеуметтік желілерде пікір қалдырып, бұл жағдайдың тезірек шешілуін талап етуде. Көпқабатты үйлердің ауласында, балалар ойын алаңдарында темекі шегу әлі де тыйылмай отыр. Мұндай әрекеттер үшін енді заң бойынша жауапкершілік қарастырылған. Яғни құқық бұзушылар қалтасына салмақ түсетін айыппұл төлеуге мәжбүр. Сонымен қатар, кейде көршілердің өз пәтерінде шеккен темекі түтінінің иісі басқа пәтерлерге тарап, қолайсыздық туғызады. Бұл да көпшілік арасында жиі көтерілетін мәселе.
ТҰРҒЫНДАР ПІКІРЛЕРІ: Ақыры, темекі шегуге қатысты дұрыс әрі орынды айыппұл енгізілгені дұрыс болды. Өзінің тәуелділігінен айналасындағы адамдарға зиянын тигізбеуі керек
- Дұрыс, кіреберісте де, балконда да темекі шегуге тыйым салу керек. Балконда шеккен түтіннен күні бойы терезені аша алмаймын
- Көршілерді құрметтеуге үйрететін уақыт әлдеқашан жетті ғой
- Кіреберісте де, балконда да темекі шегеді, соның салдарынан түтін тікелей пәтерге кіреді, сондықтан үнемі терезені жабуға тура келеді. Мұндай адамдарға айтып түсіндірудің пайдасы жоқ сияқты
РКС: Енді темекі шегуге қатысты заң қатайтылды. Халық денсаулығын қорғау және түрлі аурулардың алдын алу мақсатында темекі өнімдері мен электронды темекілерді пайдалануға бірқатар қоғамдық орындарда қосымша тыйым салынды. Енді ашық аялдамаларда, балалардың ойын алаңдарында, тұрғын үйлердің кіреберісі мен алаңдарында темекі шегуге болмайды. Полиция қызметкерлері өңір тұрғындарын кез келген құқық бұзушылық пен қылмыс туралы жақын маңдағы учаскелік полиция пунктіне немесе 102 нөмірі арқылы дереу хабарлауға шақырады.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ