ДИКОР: 12 мамыр – Халықаралық мейіргерлер күні. Айтулы датаға орай Көкшетауда «Мейіргер ісінің тұрақты дамуы: тәжірибе мен перспективалар» атты конференция ұйымдастырылды. Шара аясында көпжылдық еңбегімен танылған тәжірибелі мейіргерлер, медициналық колледж оқытушылары мен денсаулық сақтау саласының жас мамандары марапатталды.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Марапатталғандардың бірі – Бағдат Алпысбаева. Ол ғұмырының 45 жылын медицина саласына арнаған тәжірибелі маман, мейірбике ісінің қыр-сырын терең меңгерген білікті жан. Еңбек жолын Степняк қаласындағы орталық аудандық аурухананың хирургия бөлімшесінде мейірбике болып бастаған. 1987 жылдан бастап облыстық аурухананың хирургия бөлімшесінде аға мейірбике қызметін атқарып, мол тәжірибе жинақтады. 2000 жылдан бері Көкшетау жоғары медициналық колледжінде еңбек етіп, жас мамандарды даярлауға өз үлесін қосып келеді. Шара барысында көпжылғы еңбегі еленіп, «Еңбек ардагері» төсбелгісімен марапатталды.
СНХ: БАҒДАТ АЛПЫСБАЕВА, «ЕҢБЕК АРДАГЕРІ» ТӨСБЕЛГІСІНІҢ ИЕГЕРІ: Рахметімді айтамын, алғысымды білдіремін, облыстық денсаулық басқармасына, өзіміздің колледж ұжымына, еңбегімді ескергендері үшін. Барлық медицина қызметкерлерін, орта буын мейіргерлерді кешегі өтіп кеткен халықаралық мейіргерлер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Мейіргер мамандығы өте ауыр мамандық. Ол бұл жерде ана да бола алады, ақылшы да бола алады. Өте ауыр мамандық. Бұл салаға әрбір адам келе алмайды. Әр адамның қолынан бұл жерде жұмыс істеу келмейді.
РКС: Жиын барысында мейіргер ісін дамытуға қатысты бірқатар өзекті бағыт қарастырылды. Атап айтқанда, мейіргерлік білім мен ғылымды жетілдіру, кәсіби құзыреттілікті арттыру және заманауи күтім технологияларын енгізу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сала мамандары бұл бағыттардың медициналық көмектің сапасын арттырудағы және пациент қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті. Сонымен қатар, мейіргер мамандарының кәсіби әлеуетін күшейту мен тәжірибелік дағдыларды дамытуға басымдық беру қажеттігі жөінде де сөз қозғалды.
СНХ: НАРИМАН ЕРМЕК, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Мейірбикелер – ең маңызды қызметкер, медициналық көмекті бірден-бір қорғайтын жан. Біз, дәрігерлер, пациенттерді емдеуде мейіргерлердің ролін жақсы білеміз және олардың еңбегін жоғары бағалаймыз. Бұл шара жыл сайын түрлі форматта өткізіліп келеді. Аталған шара ғылыми бағытты дамытуға, сондай-ақ жаңа коммуникациялар мен денсаулық сақтау министрлігінің саясатымен ынтымақтастықты арттыруға мүмкіндік береді. Өз кезегінде жұмыс сапасын арттыруға ықпал етеді. Барша мейіргерлерді, мамандықтың ең маңызды саласының иелерін кәсіби мерекемен тағы да шын жүректен құттықтаймын!
РКС: Жиын барысында саладағы кадр тапшылығы да ерекше атап өтілді. Бұл бағыттағы түйінді шешу мақсатында Көкшетау жоғары медициналық колледжі тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
СНХ: РҮСТЕМ МОЛДАҒАЛИ, КӨКШЕТАУ ЖОҒАРЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Бүгінде Көкшетау жоғары медициналық колледжінде 850 студент білім алуда. Олардың бір бөлігі жақын арада еңбек жолын бастайды. Көкшетау жоғары медициналық колледжі еліміздің үздік үш медициналық оқу орнының қатарынан орын алып, медициналық білім беру саласында көшбасшыға айналды. Біз әрдайым сапаны арттыруға және үздік болуға ұмтыламыз.
РКС: Бүгінде облыста 7 мыңға жуық мейіргер еңбек етіп жатыр. Олар өмірінің әр сәтінде адам жанының арашасына айналып, қызметіне қашан да адалдық танытуда.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ