ДИКТОР: Бұрынғы Көкшетау, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Имантау ауылын бүгінде «бағбандар мекені» деуге де болады. Бұл өңір табиғатымен ғана емес, еңбекқор тұрғындарының қолымен өсірілген гүлдерімен де танымал. Мұнда жылына шамамен 14 миллионға жуық гүл өсіріледі. Елді мекендегі жүзге жуық отбасы осы гүл шаруашылығымен айналысып, тұрақты табыс көзін қалыптастырған. Жасыл желек пен әсем гүлдерді ерекше баптайтын жергілікті тұрғындар өз өнімдерін Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі қалаларға жөнелтіп, нарыққа кеңінен шығарып отыр.

РКС: Регина Кузахметова осыдан он жыл бұрын шағын ғана жер теліміне гүл егіп, алғашқы табысын таба бастаған еді. Сол шағын бастама уақыт өте келе үлкен іске ұласып, бүгінде кең ауқымды жылыжай кешеніне айналған. Қазір мұнда гүлдің жүзден астам түрі өсіріледі. Жылыжайда жылына шамамен 600 мың дана гүл өсіріліп, нарыққа шығарылып келеді.

СНХ: РЕГИНА КУЗАХМЕТОВА, БАҒБАН: Біз осыған дейін көбінесе бір жылдық гүлдер ексек, қазір біз көпжылдық өсімдіктерге басымдық беріп жатырмыз. Оған сұраныс та жоғары. Біз қаңтар айының басында жылыжайларды дайындап, топырақты қопсыту жұмыстарын жүргіземіз. Содан кейін ғана гүл егу жұмыстарына кірісеміз. Күн суық күндері жылыжайдағы температурына көбейтіп, жылу береміз. Бұл гүлдерді тәулігіне бір-ақ рет суару керек. Ылғал көп болып кетсе, шіріп кетеді.

РКС: Мұнда нарық көктемнің сәуір, мамыр айларында қыза түседі. Қазірдің өзінде бағбандар өсірген гүлдердің бір бөлігі сатылып, алғашқы табысын да алып үлгерген.

СНХ: ЕВГЕНИЙ УДОД, БАҒБАН: Біз өз өнімдерімізді ел бойынша сатамыз. Кеше ғана Ақтөбе қаласынан келіп алып кетті. Астана, Қостанай мен Қарағандыдан да сұраныс көп түседі. Жыл сайын осы уақытта келетін тұтынушыларымыз бар. Жылына шамамен 300 мың дана гүл өсіреміз.

РКС: Қазір Имантау ауылында жүзге жуық отбасы гүл өсіруді табысты кәсіп көзіне айналдырған. Еңбекпен өсірілген әрбір гүл еліміздің көптеген қалаларының көркіне көрік қосып отыр. Соңғы жиырма жылдың ішінде бұл елді мекен гүл шаруашылығымен танылып, «нағыз бағбандар ауылы» деген атауға берік орнықты.

СНХ: ҚАЗБЕК СЕЙІТҚАЛИЕВ, ИМАНТАУ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ: Бұл кәсіп біздің ауылда шамамен 25-30 жыл бұрын басталды. Біздің ауылдың бір тұрғыны Астанада көгалдандыру жұмыстарымен айналысты. Сол кісі елордадан арнайы тұқым қорын әкеліп, ауыл халқын осы іске баулыды. Гүл өсіру технологиясының қыр-сырымен таныстырды.

РКС: Келер жылы ауылда қосымша 10 жылыжай іске қосылып, өндіріс көлемі тағы да ұлғая түспек. Мұндай бастамалар мемлекет назарынан тыс қалмайды, қажет жағдайда тиісті қолдау шаралары да қарастырылады,-дейді жауаптылар.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ