ДИКТОР: Облыстық көпсалалы ауруханада жасанды интеллектке негізделген Cerebra пилоттық жобасы сәтті жүзеге асырылып жатыр. Бұл инновациялық жүйе компьютерлік томография кескіндерін жедел талдап, инсульт белгілерін ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.

РКС: Заманауи алгоритмдердің көмегімен Cerebra дәрігерлерге диагноз қою үдерісін айтарлықтай жеделдетіп, шешім қабылдауды жеңілдетеді. Әсіресе, инсульт сияқты шұғыл жағдайларда уақыттың әр секунды санаулы. Дәл осындай сәттерде технологияның жылдам әрі нақты талдауы науқастың өмірін сақтап қалуда шешуші факторға айналады. Жоба дәрігер мен цифрлық технологияның тиімді үйлесімін көрсетіп, медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.

ИНТЕРШУМ:

СНХ: ШАЛҚАР ҚАПАРОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАСЫ ИНСУЛЬТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Аталған жүйе облыстық ауруханада үш компьютерлік құрылғыға орнатылған, сондай-ақ Атбасар қаласындағы инсульт орталығында да қолданысқа берілген. Бұл бағдарлама арқылы ақпараттар автоматты түрде өңделіп, дәрігерлерге жедел жеткізіледі. «Церебра» инсульттің түрлерін алғашқы минуттарда-ақ анықтауға мүмкіндік береді. Нақтырақ айтқанда, 3–5 минут ішінде зерттеу нәтижелері дәрігерлердің ұялы телефондарына жіберіліп, зақымданған ошақтың орналасуын дәл көрсетеді. Сондықтан бұл жүйе қазір өте ыңғайлы әрі тиімді құрал.

РКС: Cerebra жүйесінің қалай жұмыс істейтінін біз де көріп, оның мүмкіндіктеріне нақты көз жеткіздік. Бағдарлама КТ кескіндерін санаулы сәттер ішінде талдап, тіпті дәрігер назарынан тыс қалуы мүмкін ең ұсақ өзгерістер мен патологиялық белгілерді де дәл анықтап береді екен. Нәтижесінде, күрделі әрі шұғыл жағдайларда уақыт жоғалтпай, тиімді медициналық шешім қабылдауға мүмкіндік туады.

СНХ: МАКШАРИП МАРТАЗАНОВ, ОБЛЫСТЫҢ ШТАТТАН ТЫС БАС НЕВРОЛОГЫ: Бағдарламаның басты артықшылығы жылдамдық пен тиімділік. Дәрігерлер КТ нәтижелерін бірден қарап қана қоймай, оларды Қазақстанның кез келген өңіріндегі әріптестерімен лезде бөлісе алады. Сонымен қатар, жүйеде барлық зерттеулердің мұрағаты сақталады, бұл алдыңғы деректерді салыстырып, емдеу динамикасын бақылауға мүмкіндік береді. Ең маңыздысы Cerebra уақыт үнемдеуге көмектеседі. Инсульт кезінде әр минут шешуші роль атқаратыны белгілі. Дәстүрлі тәсілмен диагноз қоюға шамамен 30-40 минут кетуі мүмкін болса, Cerebra бұл процесті бірнеше есе жеделдетеді.

РКС: Осылайша, Cerebra жүйесі дәрігерлерге науқастың жағдайын бірден бақылап, жедел талдау жасап, емдеуді кідіріссіз бастауға мүмкіндік береді. Егер диагноз күмән тудырмаса, мамандар бірлесіп, дереу емдеу тактикасын айқындап, әрі қарайғы терапия мен оңалту жоспарын әзірлейді. Бұл технология әсіресе түнгі кезекшіліктерде зор қолдау көрсетеді. Бұрын шұғыл шешім қабылдау кейде уақытты талап етсе, енді кезекші бригада жалғыз қалмайды. Жүйе арқылы кез келген сәтте республикалық орталықтардың тәжірибелі дәрігерлері қосылып, зерттеу нәтижелерін қашықтан қарап, пікірін білдіре алады. Мұндай өзара байланыс медициналық көмектің сапасын жаңа деңгейге көтеріп отыр.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ