ДИКТОР: Елімізде Төтенше жағдайлар министрлігін жаңғыртуға бағытталған «ТЖМ 2.0» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында министрлік цифрландыруды дамытып, жасанды интеллектті енгізу, жедел әрекет ету жүйесін жаңғырту және материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар ауылды жерлерде «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы да нығайып келеді. Бұл іске Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы да үлес қосуда.
РКС: Былтыр елімізде 173 ауылдық құтқару пункті ашылды. Олар арнайы өрт сөндіру техникасымен, автоцистерналармен, байланыс құралдарымен және арнайы киіммен қамтамасыз етілген. Академия курсанттары теориялық біліммен қатар практикалық машықтарын жетілдіріп, «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасының жұмысымен танысып жүр. Осы мақсатта академияда жедел әрекет ету тәсілдері жетілдіріліп жатыр.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: ЖҰМАБЕК ХАСЕНОВ, М. ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: 14-ші маусымда символдар күні болады. Президентіміз курсанттарымызға лейтенант және старший лейтенант шеңдерін береді. Төртінші курс курсанттарымыз бір жұмадан кейін стажировкадан келеді. Олардың арасында 30-дан астам тек қана жақсы бағамен бітіріп жатыр. 5-6 курсантымыз қызыл дипломға және ерекше белгімен марапатталатын болады. Сол курсанттарды Президентке және министрге дайындап жатырмыз.
РКС: Академия курсанты Мерхат Жанкелді Алматы облысының тумасы. Екі жыл ішінде жақсы жетістіктерге жетіп, бүгінде азаматтық қорғау кіші сержанты атағына ие болды. Ол бала кезінен төтенше жағдайлардың алдын алып, адамдарға көмектесуді армандаған. Академияда білім алып қана қоймай, қазақ күресінен түрлі жарыстарда бақ сынап, жүлдегер атанып жүр.
СНХ: МЕРХАТ ЖАНКЕЛДІ, М.ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ КУРСАНТЫ: Төтенше жағдайлар саласында жұмыс жасағым келеді. Еліме үлес қосқым келеді. Көптеген өрттердің болып жатқан, төтенше жағдайлард өзімнің үлесімді қосқым келеді. Бұл жақта көптеген өрт сөндіру тәсілдерін, өрттердің түрлерін, өрттерді қалай өшіру керек, химиялық, физикалық процестерді өтіп жатырмыз. Қазақстанның бүкіл региондарынан көптеген достар таптым. Жеке уақытымызда бір-бірімізбен білім алмасамыз, спортпен айналысамыз.
РКС: Академияның оқытушысы Ерлан Сәменов 2011 жылдан бері қызметте. Болашақ құтқарушыларды оқытып, өрт сөндіру кезіндегі негізгі ережелерді түсіндіреді. Оның айтуынша, төтенше жағдай кезінде жылдам әрі сауатты әрекет ету — адам өмірін сақтап қалудың басты кепілі. Сабақ барысында курсанттар теориялық біліммен қатар тәжірибелік жаттығуларға да белсенді қатысады.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: ЕРЛАН СӘМЕНОВ, М.ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ АКАДЕМИЯСЫ АҚПАРАТТЫҚ ЖҮЙЕЛЕР КАФЕДРАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бұл болашақ құтқарушыларға өрт кезінде адамдарды қайда эвакуациялау керек, түтіні қай жаққа кетуі мүмкін, сондай бағыттарда. Ыстық қайда барады, температурамен қалай жұмыс істеу керек, сондай бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Болашақ практика кезінде олар бастапқыны білу керек. Теория мен практиканы араластырып, құтқарушы маманы ретінде қызмет істеу үшін. Курсанттар ең біріншіден әскери тәртіпті бұзбау керек. Негізгі мақсаты – білім алу.
РКС: Бүгінде академияда еліміздің түкпір-түкпірінен келген жүздеген курсант білім алуда. Олар теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, төтенше жағдай кезінде жедел әрекет етуге машықтанып жүр. Мамандардың айтуынша, қазіргі басты мақсат – кәсіби әрі заман талабына сай құтқарушылар даярлау. Алдағы уақытта мұндай мамандар ауылды жерлердегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де зор үлес қоспақ.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ