ДИКТОР: Демалыс маусымы жақындаған сайын облыс тұрғындарының шекара арқылы тауар кіргізудің кедендік ережелеріне қатысты сауалы көбейіп кетті. Баж салығын төлемей қандай заттарды әкелуге болады? Әуе кемесі арқылы ұшып келгенде және онлайн сатып алу кезінде қандай шектеулер бар? Қандай тауарлар міндетті декларациялауға жатады? Тілші баяндасын.

РКС: Мемлекеттік шекараны кесіп өткен кезде азаматтар жеке тұтынатын тауарларды кіргізе алады. Ол сатуға арналмаған, тек отбасы мүшелерінің немесе жеке өзі қолданатын заттар болуы шарт. Мұндай жүктерді багаж, қол жүгі және автокөлікте тасымалдауға болады немесе халықаралық пошта арқылы алынуы мүмкін. Жер үсті көлігі арқылы кірген кезде жалпы құны 500 еуроға дейін және салмағы 25 келіден аспайтын тауарларды баж салығын төлемей-ақ әкелуге болады. Лимиттен асып кеткен жағдайда баж салығы төленеді. Асып кеткен сомадан 30 процент мөлшерінде баж салығы алынады. Бірақ әр артық келісіне 4 евродан кем болмауы тиіс.

СНХ: ШЫНАР МУСИНА, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТІК КІРІСТЕР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ: Мемлекеттік кірістер департаменті демалыс мезгілі бастылуына байланысты тауарларды шекарадан өткізу ережелерін сақтаудың маңыздылығын еске салады. Бұл ережелер жеке тұлғаларға тауарларды кедендік баждарды төлемей немесе белгіленген шектен асып кеткен жағдайда баждарды төлей отырып әкелуге мүмкіндік береді. Бұл ережелер Еуразиялық одаққа мүше елдерді қоспағанда, барлық елдерге қолданылады. Кедендік шекарадан өтуге қатысты толық ақпаратты алу үшін кедендік ресімдеу орталығына 25-15-96 телефон бойынша немесе 1414 телефоны бойынша байланыс орталығына хабарласыңыз.

РКС: Әуе рейстерінің ережелері жолаушылар үшін неғұрлым бейілді. Ұшу кезінде құны 10 000 еуроға және салмағы 50 келіге дейінгі тауарларды баж салығынсыз әкелуге болады. Бұл шектеулерден асып кеткен жағдайда ақысын төлеу қарастырылған. Интернеттегі сатып алуларға жеке ережелер қолданылады. Халықаралық пошта жөнелтілімдерін алған кезде лимит 200 еуро және бір сәлемдеме 31 килограм болуы шарт. Егер одан асып кетсе, артық құнның 15 пайызы мөлшерінде баж салығы алынады, бірақ килограммына 2 евродан кем болмауы тиіс. Тауарлардың жекелеген санаттарына ерекше бақылау қолданылады. Осылайша, үш литрге дейін алкогольдік өнімді баж салығынсыз әкелуге рұқсат етіледі. Ал егер ішімдік мөлшері үштен бес литр аралығында болса, әр литріне 10 евро мөлшерінде қосымша төлем төлеу қажет. Бес литрден астам алкогольді әкелуге тыйым салынады. Егер азамат белгіленген шектен шықпаса, декларация тапсырмай-ақ «жасыл дәліз» арқылы өте алады. Лимиттен асып кеткен жағдайда жолаушының кедендік декларациясын толтырып, тиісті баж салығын төлеуі тиіс.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ