ДИКТОР: Елімізде зейнетақы жинағының жеткілікті шегінің мөлшері қайта қаралады. Жаңа тәсілге сәйкес, азаматтардың зейнетақы шотындағы қаражатты алу тәртібі жаңартылмақ. Бұл бастама келешекте азаматтардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, зейнет жасындағы табыс деңгейін сақтау үшін көзделіп отыр.
РКС: Қазір қолданыстағы жүйе бойынша, егер азаматтың зейнетақы шотындағы қаражат белгіленген шектен асса, артық бөлігін пайдалану мүмкіндігі бар. Алайда бұл алдағы зейнетақы төлемінің көлеміне тікелей әсер етеді. Сондықтан жаңа әдістеме ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылықты сақтау мақсатында енгізілмек.
СНХ: НӘЗИПА САЛИНГРЕЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ РЕТТЕУ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Мәселен, 46 жастағы салымшының шотында 11 миллион теңге бар делік. Жеткіліктілік шегі 7,8 миллион теңге болса, ол 3,2 миллион теңгені шешіп ала алады. Алайда бұл жағдайда оның болашақ зейнетақысы шамамен 42 мың теңге деңгейінде ғана қалады. Ал егер бұл қаражат алынбаса, ай сайынғы төлем бірнеше есе жоғары болуы мүмкін. Яғни, қаражатты сақтап қалу - болашақтағы зейнетақының әлдеқайда жоғары болуына әсер етеді.
РКС: Жалпы, Қазақстанның зейнетақы жүйесі 1998 жылдан бастап біртіндеп жинақтаушы модельге көшті. Бұрынғы солидарлық жүйе бойынша төлемдер бюджет есебінен, еңбек өтіліне қарай жүзеге асса, қазіргі жүйе базалық, солидарлық және жинақтаушы бөліктерден тұратын аралас сипатқа ие.
СНХ: НӘЗИПА САЛИНГРЕЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ РЕТТЕУ ЖӘНЕ БАҚЫЛАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Алайда 2043 жылға қарай еңбек өтіліне негізделген солидарлық зейнетақы кезең-кезеңімен тоқтатылады. Яғни, бұл төлем түрі толық жойылады. Сондықтан азаматтар жинақтаушы жүйеге мән беруі керек. Сол себепті әр азамат өз жарналарын тұрақты бақылап, болашақ зейнетақысын алдын ала жоспарлауы қажет.
РКС: Ал жаңа есептеу тәсілі халықаралық тәжірибеде қолданылатын актуарлық әдіске негізделмек. Оған сәйкес, адамның өмір сүру ұзақтығы, инвестициялық табыс пен болашақтағы төлем көлемі ескерілетін болады. Әзірге бұл әдістеменің нақты қашан енгізілетіні белгісіз. Дегенмен, мамандар жаңа әдістеме зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын арттырып, халықтың ұзақ мерзімді қаржылық қорғалуын күшейтеді деп отыр. Айта кетейік, бүгінде аймақта 120500-ге жуық зейнеткер бар. Орташа зейнетақы мөлшері шамамен 150 мың теңге.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ