ДИКТОР: Көкшетауда мектеп оқушылары арасында жол қозғалысы ережелерін үздік меңгергендер анықталды. Жас жол инспекторларының 26-шы слетіне жүзге жуық оқушы қатысты. Екі күн бойы қатысушылар жол қозғалысы ережелерін білуде, велосипедті мәнерлеп тебу және алғашқы медициналық көмек көрсетуде жарысты.

РКС: Салтанатты ашылуы командалардың сапқа тұрып, музыкалық сүйемелдеумен және полиция қызметкерлерінің қатысуымен өтті. Шараның басты мақсаты жазғы демалыс кезеңі қарсаңында балалар арасындағы жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жолдағы қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру. Қатысушылар автоқалашықтағы сынақтардан өтіп, жол қозғалысы ережелері бойынша білімдерін көрсетті. Реттеуші қызметін атқару дағдыларын көрсетіп, велосипедті мәнерлеп жүргізуден жарысты. Кедергілерден өтіп, оқушылар мұқияттылық және жоғары дайындық деңгейін танытты.

СНХ: ЕРЖАН ҚОШҚАРБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Жас жол инспекторларының 26-шы слетін өткізіп жатырмыз. Оған Көкшетау қаласының 14 мектебі қатысуда. Іс-шараның мақсаты жазғы демалыс кезеңі қарсаңында жас инспекторлардың жол қозғалысы ережелерін қаншалықты меңгергенін тексеру.

РКС: Жарыстың жарқын сәттерінің бірі үгіт бригадаларының өнер көрсетуі мен «Эрудит» зияткерлік турнирі болды. Ұйымдастырушылар оқушылардың жыл сайын «Жас жол инспекторлары» қозғалысына қызығушылығы артып келетінін айтады. Қатысушылардың дайындық деңгейі де жылдан жылға жоғарылап отыр.

СНХ: МАРАЛ ӘЛЖАПАРОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ЖАС ЖОЛ ИНСПЕКТОРЛАРЫ ЖАСАҒЫНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ: Жас жол инспекторлары қозғалысының негізгі мақсаты мен міндеті жол қозғалысы ережелерін насихаттау, жолдағы қауіпсіздікті сақтау және дұрыс мінез-құлық мәдениетін қалыптастыру.

РКС: Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды №13 «ЭКОС» мектеп-гимназиясының оқушылары иеленді. Екінші орын №17 мектеп-гимназиясының командасына бұйырса, үшінші орынға Сәкен Жүнісов атындағы №18 мектеп-лицейінің оқушылары тұрақтады.

СНХ: МАРИЯ ХИЖНЯК, №13 «ЭКОС» МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ: «Жол патрулі» командамыз бірінші орынды иеленді. Бірақ менің ойымша, ең бастысы жеңіс емес, осы жерде үйренгеніміз. Алғашқы көмек көрсетуді үйрендік, жол қозғалысы ережелерінің негіздерін меңгердік. Сонымен қатар, бұл командалық рухты және мектептер арасындағы бірлікті нығайтатын шара. Бұл шара «Адал Азамат» бағдарламасына сай қасиеттерді дамытуға көмектеседі. Бүгінгі жарыс өте ұнады. Облыстық кезеңде де қаламыздың намысын абыроймен қорғап, бірінші орын алуға үміттенемін.

РКС: Жарыстың үздік қатысушылары арнайы номинациялар бойынша марапатталды. Оқушылар арасынан үздік эрудит, жол ережелерінің үздік білгірі, үздік жас реттеуші және үздік санитар анықталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен марапатталды. Енді олар алдағы уақытта облыстық жас жол инспекторлары слетіне қатысады.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ