ДИКТОР: Облыстың түкпір-түкпірінен 25 команда өрт сөндіру кроссфиті бойынша аймақтық жарысқа қатысты. Сайыс Бұланды ауданында ұйымдастырылды. Өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері төтенше жағдайларды жою кезінде күнделікті қолданатын дене дайындығын, төзімділігі мен кәсіби шеберлігін көрсетті. Тілшіміз айтсын.
РКС: Қатысушылар сынақ жолағынан өтіп, бақ сынасты. Жарыс бірнеше күрделі кезеңге бөлінді. Алғашқы кезеңде қатысушылар аспалы көлденең құрылымнан өтті. Ауыр дөңгелектерді аударып, оларды балғамен ұру арқылы жылжытты. Кейін өрт сөндірушілер зардап шеккен адамды бейнелейтін арнайы манекенді эвакуациялады. Келесі кезеңде өрт сөндіру көлігіндегі брезент шлангты жылдам тарқатып, қайта жинап, кедергілер жолағынан өтті. Жарыстың ең әсерлі әрі қиын кезеңдерінің бірі өрт сөндіру көлігін адам күшімен сүйреу болды.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: ДИАС ТҮКЕНОВ, ӨРТ СӨНДІРУШІ (ЖАҚСЫ АУДАНЫ): Ең бірінші, ең бірінші турниктен даже тартылып кету қиындау болды, содан кейін бүкіл кетіп қалған соң сәлсіреп қалдық. Камазды до конца тарта алмадық-ау, өкінішке орай. А так жарыс жақсы өтуде, күшті.
СНХ: АСЫЛХАН ӨМІРЗАҚОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ №11 МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ БӨЛІМШЕ КОМАНДИРІ: Жарыс жоғары деңгейде өтіп жатыр. Өте қуаныштымыз. Әрдайым өзімізді, дене дайындығымыз бен күшімізді көрсетуге дайынбыз. Мұндай жарыстарға қашанда сақадай сай қатысамыз. Жарыстың ең қиын кезеңі КамАЗ көлігін сүйреу. Қалған тапсырмалардың бәрі қалыпты өтті. Мәреге жақындағанда көлікті еңіске көтеру қиын, сол тұста көп күш жұмсалады.
РКС: Ұйымдастырушылар мұндай жарыстар қызметкерлердің кәсіби шеберлігін шыңдап, бөлімшелердің төтенше жағдайларда әрекет етуге дайындығын арттыратынын айтады. Себебі төзімділік, қайсарлық және командалық рух әр құтқарушы жұмысының басты негізі. Мұндай сайыстар жауынгерлік рухты қалыптастырып, шыңдай түседі. Ал шынайы төтенше жағдайларда дәл осы қасиеттер адам өмірін сақтап қалуда аса маңызды.
СНХ: ӘДІЛЕТ СЕРІК, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ ӨРТ СӨНДІРУ ҚЫЗМЕТІНІҢ КЕЗЕКШІСІ: Ортаға салып, намысты қолдан бермей, жақсы нәтиже көрсетуге тырысуда және де өздерінің біліктіліктерін арттырып, шеберліктерін көрсетуде. Бүгінгі жарыста шынымен де шынайы жағдайда өрт болған жағдайда авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезіндегі жағдайлар ықтимал ретінде келтірілген, сонымен қатар бүгінгі жарыстың жеңімпазы алдағы уақытта жоспарланған Петропавл шаһарында өтетін Солтүстік кубогы жарысында өнер көрсетіп, додада өздерін бақтарын сынайтын болады. Алдағы жұмыс кезіндегі өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде өзінің септігін тигізіп, оң әсерін береді деген сеніміміз мол, әрине.
РКС: Жарыс қорытындысы бойынша Ерейментау ауданының өрт сөндірушілері жеңімпаз атанды. Екінші орынды Бурабай ауданының командасы иеленсе, үздік үштікті Щучинск қаласының құтқарушылары түйіндеді. Енді жеңімпаздар алдағы уақытта өтетін жарыстарға дайындалады.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ