ДИКТОР:Ақмола өңірінде алғаш рет «Мәдениет көпірі» атты дүнген этносының фестивалі өтті. Ұлттар достығы мен рухани мұраның терең тамырына жетелеген тағылымды шарада дүнген халқының бай тарихы мен ұлттық болмысы көрініс тапты. Фестивальдің қадірлі қонақтары ретінде Жамбыл облысы, Қордай ауданынан арнайы келген 30-ға жуық дүнген этносының өкілдері кештің сәнін келтірді. Олар ұлттық өнер мен салт-дәстүрді дәріптеп, көпшілікке дүнген халқының мәдени байлығын кеңінен таныстырды. Мәдениеттер тоғысқан тағылымды кеште өзге этнос өкілдері де киелі сахна төрінде өнер көрсетті.

ИНТЕРШУМ:

РКС:Шараның шымылдығы дүнген этносының бай мәдениеті мен терең тарихынан сыр шертетін тағылымды көрмемен түрілді. Көз жауын алған көрмеде дүнген халқының ұлттық киімдері мен әшекей бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды. Он саусағынан өнер тамған шеберлердің әсем қолөнер туындылары да көрменің көркін айшықтай түсті. Сондай-ақ, берекелі дастарқанның сәнін кіргізген ұлттық тағамдардан ауыз тиген көпшілікті дүнген халқының қонақжайлығы мен ас мәзірінің ерекшелігі тәнті етті.

СНХ:ЗҮЛФИЯ ХИВА, ДҮНГЕН ЭТНОСЫНЫҢ ӨКІЛІ (ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ): Біздің дәстүрлі ұлттық тағам ол біздің ұлттық шии. Оның құрамына әртүрлі тағам кіреді. Сиыр еті, тауық еті, мәнті, тәтті күріш және біздің ұлттық десерт нэго.

РКС:Тағылымды шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Кеш барысында Ақмола облысының дәстүрлі әншілері мен вокалдық топтары әсем әннен шашу шашса, түрлі этнос өкілдерінің ұлттық биі сахнаның шырайын келтіріп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Шараның тағы бір ерекшелігі, дүнген халқының ұлттық киімдерінің сән көрсетілімі. Ою-өрнекпен көмкерілген, нәзік талғам мен ұлттық нақышты үйлестірген киім үлгілерін арнайы Астанадан келген Рабия Шинху көпшілік назарына ұсынды.

СНХ: РАБИЯ ШИНХУ, ДИЗАЙНЕР (АСТАНА): Мені қанаттандырған басты мақсат ұлттық мәдениетімізді сән мен киім-кешек арқылы дәріптеу. Өйткені бүгінгі жастар дүнген халқының ұлттық киімдерін көбіне тек той-томалақтарда ғана көреді. Мен қазақ халқы сияқты ұлттық киімді күнделікті өмірде кеңінен насихаттап, оны заманға сай сәнге айналдырғым келеді. Қоғам біздің киімімізді көрген сәттен-ақ, дүнген халқының болмысы мен мәдениетін тани алса деймін. Өйткені ұлттық киім халықтың рухы, тарихы мен өзіндік болмысын айқындайтын ерекше белгі.

РКС:Ақмола облысында 100-ден аса этнос тұрады. Әр ұлттың тарихы мен дәстүрі біте қайнасып, бірлік пен татулықтың қайнар көзіне айналған. Бұл берекелі елдің бұлжымас ынтымағы мен өзара құрметінің жарқын көрінісі.

СНХ: ЗАЙНУДДИН МАХУСЕЕВ, «ҚАЗАҚСТАН ДҮНГЕНДЕРІНІҢ ЭТНОМӘДЕНИ ОРТАЛЫҒЫ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Дүнген этносы Қазақстанда 150 жылдан астам өмір сүріп келеді. Бүгінде елдің 11 өңірінде «Қазақстан дүнгендерінің этномәдени орталығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалдары ашылған. Дүнген этносы қызметтің барлық салаларында белсенді түрдееңбек етуде. Сондай-ақ, атап өткім келетіні, бұл орталық мемлекеттік деңгейде ұсынылған, мемлекет тарапынан танылған және ресми түрде тіркелген жалғыз республикалық орталық. Біз республикалық орталықтың айналасына елдегі барлық этностардың өкілдерін біріктіріп отырмыз.

РКС:Көпұлттың бірлігін бір тудың астына тоғыстырып, береке мен татулықты ту еткен елде 80 мыңнан астам дүнген халқы өмір сүреді. Тамыры тереңге жайылған тарихы бар бұл халықтың мәдениеті мен салт-дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, баға жетпес рухани мұра ретінде сақталып, кеңінен насихатталуда.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ