ДИКТОР: Көкшетауда «Өзіңе сен» атты қайырымдылық концерті өтті. Кеш иесі - талай игі істің ұйытқысы болып жүрген жас талант иесі - Салих Қалиев. Тілшіміз Жанар Мұқышева жалғастырады.
РКС: Салих Қалиев - тағдырдың талай қиындығын еңсерген қайсар жан. Балалар үйінде тәрбиеленіп, жастайынан өмірдің ауыртпалығын сезінсе де, сағы сынған емес. 6 жасынан әнге әуестеніп, өнерді жанына серік еткен. Кейін Кентау қаласындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы кәсіптік колледжде білім алып, шығармашылық жолын жалғастыруға бел буады. Бүгінде сахна арқылы өзгелерге рухани демеу беріп жүрген өнер иесі «Өзіңе сен» атты қайырымдылық кешінің авторы.
СНХ:САЛИХ ҚАЛИЕВ, ӘНШІ: 16 қалада болдым. Осы жылы Орал, Атырау қалаларынан бастап, енді сіздердің елдеріңізге келдік. Ертең Бурабай кентіне барамыз деген сенімдеміз.
РКС: Белгілі себептерге байланысты баспанасынан айырылған Салих қазір уақытша жатақханада тұрып жатыр. Қазір еліміз бойынша гастрольдік сапар ұйымдастырып, шыңдалып жүр. Концерттен түскен қаражаттың бір бөлігін мұқтаж жандар мен балалар үйіне аударып, игі істерге ұйытқы болуда. Ендігі арманым - үлкен сахналарда ән шырқап, осы өнердің биік шыңын бағындырсам,-дейді.
СНХ: САЛИХ ҚАЛИЕВ, ӘНШІ: Өскелең ұрпаққа мотивация сыйлау үстіндеміз. Мен өзімді әнші ретінде сезінемін. Және де халқыма мотиватор ретінде таныстырамын. Сондықтан осы қайырымдылық қорымды қолдап отырған үлес қосқан кісілердің барлығына мың алғыс айтқым келеді. Бұл шара барысында мен ғана төбе көрсетпей, мен сияқты ерекше жандар өнер көрсету үстінде. Менімен бірге келген сымбатты, даусы көрікті Басымбек Ақмарал.
РКС: Кештің «Өзіңе сен» деп аталуының да өзіндік мәні бар. Осылайша ол тағдырдың түрлі сынағына тап болған жандарға үміт сыйлап, жігер бергісі келеді. Кеш барысында Салих көрерменмен еркін сырласып, жүректен шыққан әуезді әндерін орындады. Жиналған жұрт ерекше әсер алып, өнер иесіне ыстық ықыласын білдірді.
СНХ:ШАХМАРДАН ӨМІРСЕРІК, КӨРЕРМЕН: Концерт шынымен де өте жақсы деңгейде өтіп жатыр. Бізге бәрі ұнады. Салихұа сәттілік тілейміз. Өте мықты жігіт. Қаншама сыфнақтан өтіп, сынбай, қазір міне концерттерін қойып жатыр. Бізге ол мотивация.
РКС: Қайырымдылық концертінен түскен қаражаттың тағы бір бөлігіне Салих «Отбасы банкі» арқылы пәтер алуды көздеп отыр. Мақсаты - айқын, арманы - асқақ өнер иесі алдағы уақытта шығармашылық жолын дамытып, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға ниетті.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ