ДИКТОР: Жеке тұлғалар өткен жылдың көлік салығын осы жылғы 1 сәуірге дейін төлеуі қажет. Алайда осы күнге дейін шаһарда 4 мыңнан астам салық төлеуші өз міндеттемелерін орындаған жоқ. Тілшіміз Евгений Варанкин баяндайды.
РКС: Сәуірдің бірінде жеке тұлғалардың көлік салығын төлеу мерзімі аяқталды. Осыған орай Көкшетау қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасымен бірлесіп, жеке сот орындаушылары және патрульдік полиция қызметкерлері көлік салығы бойынша берешегі бар азаматтарды анықтау және салық қарызын өндіру мақсатында іс-шара жүргізуде. Бүгінде көлік салығы бойынша берешек 4,5 мыңнан астам салық төлеушіге тиесілі 215 миллион теңгеден асады.
СНХ: АБЫЛАЙХАН СЕРІК, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: Егер салық сомасы уақытында төленбесе, салық төлеушіге берешекті өтеу қажеттігі туралы хабарлама жіберіледі. Сонымен қатар осы сәттен бастап өсімпұл есептеле бастайды. Бұдан бөлек, борышкердің банк шотын ашуына шектеу қойылады. Мұндай жағдайда екінші деңгейлі банктерде шот аша алмайсыз. Салық төленбеген жағдайда, салық органы жеке тұлғалардың берешегін өндіріп алу туралы салық бұйрықтарын шығарып, оларды мәжбүрлеп өндіру үшін жеке сот орындаушыларына жолдайды.
РКС: Елімізде салық төлемейтін борышкерлерге арналған жаңа цифрлық сервис Adilet.gov мобильді қосымшасы іске қосылды. Бұл қосымша азаматтарға өздерінің атқарушылық іс жүргізу бойынша берешегін жедел тексеруге, сот орындаушылары туралы ақпарат алуға және қарызды онлайн төлеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ пайдаланушылар елден шығуға шектеу бар-жоғын біле алады және атқарушылық құжаттардың орындалу барысын қадағалай алады.
СНХ: ЗАРИНА ГАФУРОВА, ЖЕКЕ СОТ ОРЫНДАУШЫ: Сот орындаушыларының өндірісінде салық берешегін өндіруге қатысты атқарушылық құжаттардың саны өте көп. Осыған байланысты, Әділет министрлігі мен Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасы борышкерлерге арналған Adilet.gov қосымшасын әзірлеген. Аталған қосымша арқылы борышкер атқарушылық іс жүргізу материалдарымен таныса алады.
РКС: Жаңа сервис халықтың уақытын үнемдеп, борышкерлермен жұмысты цифрландыруға және ашықтықты арттыруға бағытталған. Бұдан бөлек, азаматтар өз салығын Каспий, Хоумбанк және Халық банк мобильді қосымшалары арқылы тексеріп, төлей алады.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ