ДИКТОР: Облыста республикалық «Жас ұрпақ» балалар мен жасөспірімдер қозғалысы мүшелерінің ІІ облыстық слеті өтті. Ауқымды шараға өңірдің 17 ауданы мен 3 қаласынан келген белсенді «Жас ұрпақ» мүшелері қатысты. Слет аясында «Заң мен тәртіп» бағыты бойынша интеллектуалдық квиз ойыны ұйымдастырылып, қатысушылар құқықтық сауаттылық, ел тарихы мен қоғамдағы тәртіп мәселелері төңірегінде білімдерін сынады.
РКС: Шара «KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының ұйымдастыруымен «Сұңқар» сауықтыру кешенінде өтті. «Жас ұрпақ» ұйымы осыдан екі жыл бұрын Ақмола облыстық прокуратурасының және білім басқармасының бастамасымен құрылған. Бүгінде бұл балалар қозғалысының қатарына аймақ бойынша 8 мыңға жуық оқушы мүше. Бүгін «Жас ұрпақ» облыстық балалар қоғамдық бірлестігінің қатарына тағы 30 ақмолалық оқушы қабылданды. Жас өрендер ұйымның антын қабылдап, білім мен тәрбие жолында аянбай еңбек етуге, қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысуға серт берді.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: ЯНА КУЗЬМИНА, «ЖАС ҰРПАҚ» ҰЙЫМЫНЫҢ МҮШЕСІ: (ЕСІЛ АУДАНЫ): «Сұңқар» лагеріне алғаш рет келіп тұрмын және осындай шараның куәгері болғаныма өте қуаныштымын. Бұл жердің табиғаты мен ерекше атмосферасы маған қатты ұнады. «Жас ұрпақ» ұйымының қатарына қосылу үшін мен мектептегі түрлі шараларға, жарыстар мен волейбол чемпионаттарына қатыстым. Осы қозғалыстың мүшесі болғаныма бір жылға жуық уақыт болды. Менің ойымша, мұндай жобалар өте маңызды, себебі олар балаларға өз құқықтары мен еліміздің заңдарын тереңірек танып-білуге мүмкіндік береді.
СНХ: АЙЛИН КУЧУМОВА, «ЖАС ҰРПАҚ» ҰЙЫМЫНЫҢ МҮШЕСІ: (ЗЕРЕНДІ АУДАНЫ): «Жас ұрпақ» балалар қозғалысының облыстық слетіне алғаш рет қатысып тұрмын. Бұл жерде бәрі өте қызықты әрі көңілді өтіп жатыр. Көптеген жаңа достар тауып, ерекше әсер алдым. Мен мектеп өміріне белсенді араласамын. Білім мен спорт саласында да жетістіктерім бар. Биыл дебат бағыты бойынша аудандық және облыстық деңгейде жүлделі орындарға ие болдым. Осындай жетістіктерге жетуіме қолдау көрсеткен ұстаздарыма және мектебіме алғысымды білдіремін.
РКС: Слеттің негізгі бөлімі «IQ JasStar» - «Жас ұрпақ зияткерлік алаңы» атты интеллектуалды квиз ойынымен жалғасты. Танымдық сайыс барысында қатысушылар бірнеше командаға бөлініп, өз аудандарының намысын қорғады.
СНХ: ЖАНАРГҮЛ БАЙМАҚОВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Аталған слет қатарынан екінші жыл өткізіліп келеді. Қатысушылар арасында зияткерлік және командалық ойындар ұйымдастырылуда. Балалар құқықтық сауаттылық, заң мен тәртіп, құқықбұзушылықтың алдын алу тақырыптары бойынша өз білімдері мен ой ұшқырлығын көрсетуде. Жалпы слет жоғары деңгейде өтіп жатыр.
РКС: Ұйым құрылған екі жыл ішінде 600-ден астам іс-шара өткізіп, жасөспірімдердің құқықтық сауатын арттыру мен азаматтық белсенділігін қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Слет аясында ұйымдастырылған интеллектуалды ойынның қорытындысы бойынша Астрахан ауданынан келген «Жас ұрпақ» мүшелері үздік нәтиже көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Десе де, шараның басты жетістігі қатысушылардың өзара тәжірибе алмасып, құқықтық білімдерін жетілдіріп, достық пен бірлікті нығайта түсуі.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ