ДИКТОР: Өткен жылу беру маусымына 3 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінген. Ол кәсіпорынның өз қаражаты, қалалық және облыстық қазынадан, сондай-ақ Үкіметтің резерві есебінен қарастырылған еді. Бүгін қалалық әкімдікте алдағы жылу беру маусымына дайындық барысы, жылу тарифі, су мен электр энергиясына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Қала инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында тілшіміз баяндайды.

РКС: Бүгінде қаладағы негізгі жылу көздерінің қуаты 470 гигакалория. Дегенмен тұтыну көлемінің артуына байланысты жылу тапшылығы әлі де өзекті. Қазіргі нақты жүктеме 603 гигакалория деңгейінде болса, тапшылық шамамен 170-ке жеткен. Аудандық 1 және 2-ші жылу қазандықтарына күрделі жөндеу жүргізіліп, агрегаттар, құбыр жүйелері, ауа қыздырғыштар мен күл шығару құрылғылары жаңартылған. Сонымен қатар жылу желілерінің 1,2 шақырымы ауыстырылып, Сайын және Байтұрсынов көшелеріндегі магистральдық желілерді қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда.

СНХ: РУСЛАН МӘКІШЕВ, «КӨКШЕТАУ ЖЫЛУ» МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ КӘСІПОРНЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ: №10 қазандық агрегаты жаңартылып, эмиссияларды мониторингілеудің автоматтандырылған жүйесі салынды. Магистральдық желілерде Сайын және Байтұрсынов көшелері бойында жаңғырту жұмыстары екі кезеңде жүзеге асырылуда. Яғни Сайын көшесі бойынша бірінші кезең аясында 256 метр жылу желісі ауыстырылды. Жоба бойынша учаскенің ұзындығы 1,2 шақырым. Байтұрсынов көшесі бойынша 250 метр жылу желісі ауыстырылды. Жоба бойынша учаскенің ұзындығы 717 метр.

РКС: Соңғы жылдары көмір, мазут және электр энергиясы бағасының өсуіне байланысты жылу тарифтері де бірнеше рет өзгерді. Үкімет жариялаған мораторий кәсіпорынның қаржылық жағдайына айтарлықтай әсер еткен. Соған қарамастан, сәуір айынан бастап жаңа тариф бекітіліп, жылу энергетикасы саласын тұрақтандыру шаралары қолға алынды.

СНХ: АСҚАР НҰРМАҒАНБЕТОВ, «КӨКШЕТАУ ЖЫЛУ» МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ КӘСІПОРНЫ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Былтыр Үкімет тарапынан өткен жылдың қазанынан 2026 жылғы сәуірдің 1-не дейін коммуналдық тарифтерді көтеруге қатысты мораторий жарияланған. Бұл кәсіпорынның қаржы-экономикалық қызметіне айтарлықтай әсер етті. Жылу беру маусымының жеті айының алты айында кәсіпорын төмендетілген тарифпен жұмыс істеп, өтемақы тарифі бойынша есеп айырысулар жүргізді. Ал сәуір айының тек 26 күні ғана жаңа тарифтер бойынша есептелді. Биыл сәуірдің бірінен бастап кәсіпорынға жаңа дифференциалданған тарифтер бекітілді. Оған сәйкес орташа жылдық тариф 80 процентке өсіп, 5379 теңгеден 9683 теңгеге дейін артты. Жеке тұлғалар үшін өсім 15 процент, заңды тұлғалар үшін 74 процент, ал бюджеттік ұйымдар үшін 319 процент болды.

РКС: Сонымен қатар, алдағы күзгі маусымға су жүйелерін дайындау жұмыстары да қарқынды. «Көкшетау Су Арнасы» кәсіпорны тәулігіне 27-29 мың текше метр ауыз су жеткізеді. Қазір Көкшетаудағы су құбырлары желісінің ұзындығы 2358 шақырымнан асады. Бірақ оның шамамен жартысына жуығының тозығы жеткен. Осыған байланысты апатты жағдайлардың алдын алу, ақауларды жою және инженерлік желілерді жаңарту жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.

СНХ: ЮРИЙ ШЕНГАЛЬЦ, «КӨКШЕТАУ СУ АРНАСЫ» МЕМЛЕКЕТТІК КОММУНАЛДЫҚ КӘСІПОРНЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ: Қазір құрылыс бөлімінің бюджеттік бағдарламалар әкімшілігімен сумен жабдықтаудың және су бұрудың апатты желілерін жаңғыртуға арналған 17 жобаның сметалық құжаттамасы әзірленуде. Оның ішінде 8 жоба сумен жабдықтауға қатысты, олардың 5-і іске асыруға дайын. Сондай-ақ су бұру бойынша 9 жоба әзірленуде. Сонымен қатар, жер асты суларының қосалқы кен орны аумағынан «Юбилейный» шағын ауданына дейін туннельді резервуар салу және су құбырын тарту жобасы бойынша бұрғылау жұмыстары толық аяқталды. Сарыарқа шағын ауданынан «Көктем» балабақшасына дейін диаметрі 400 мм, ұзындығы 800 метр болатын сақиналы су құбырының құрылысы басталды.

РКС: Жыл басынан бері су құбыры желілеріндегі 17 апат пен кәріз жүйесіндегі бір ақау жойылды. Сондай-ақ 222 мәрте құбыр жарылып, ол да дер кезінде қалпына келтірілді. 140-тан астам су тарату бағанасы жөнделген. Бұдан бөлек, құдықтарды тазалау, люктер орнату және өрт гидранттарын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Красный Яр ауылындағы құдықтарды жөндеу мәселесі де қатаң бақылауда.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ