ДИКТОР: Бүгін - Халықаралық музейлер күні. Атаулы күн 1977 жылы Халықаралық музейлер кеңесінің Бас конференциясында бекітілген. Бүгінде Ақмола облысында 14 музей жұмыс істейді. Мәдени ошақтарда 200 мыңға жуық құнды жәдігер сақталған. Шаһардағы облыстық әдебиет және өнер музейінде ғасырлар қойнауынан жеткен сирек қолжазбалар, Ақан серінің адалбақаны, Қанай бидің саптыаяғы сияқты бірегей жәдігерлер сақтаулы. Тілшіміз музей қорындағы көпшілікке беймәлім құнды дүниелермен танысып қайтты.

РКС: Музей қорындағы бірегей жәдігердің бірі - Қожа Ахмет Ясауидің атақты «Диуани хикмет» қолжазбасы. Бұл еңбек 15-16 ғасырларда бұхар қағазына шағатай тілінің қыпшақ диалектісінде жазылған. Сирек кездесетін қолжазба бірнеше ел ғалымдарының қатысуымен арнайы зерттелген.

СНХ: НҰРБЕК НҰРАЛИН, ОБЛЫСТЫҚ ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Екіншісі осы өңірдің, Зерендінің тумасы Абылай ханның ақылшысы, кеңесшісі болған, батыр тұлға - Қанай бидің өзі ұстаған, қымыз ішкен саптыаяғы, керемет жәдігер. Одан қалды атақты батырлардан қалған құты, одан кейін мына діни кітаптар - әлі зерттелмеген, зерттеуді керек ететін – осындай экспонаттар бар.

СНХ: НҰРБОЛАТ ӘЛМЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР МУЗЕЙІНІҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ: Сондай-ақ музейде домбыралардың үлкен коллекциясы бар. Біржан сал бабамыздың, Ақан сері бабамыздың ұстаған домбыраларының түпнұсқасы, тура көшірмесі осы музейде және Ақан серінің ғашығы болған Ақтоты анамыздан туатын Сұлтан есімді баласының домбырасы да осы біздің музейде сақтаулы.

РКС: 1989 жылы небәрі екі бөлмеден бастау алған музей бүгінде 11 мыңнан астам жәдігер жинақталған іргелі ордаға айналды. Осы жылдар ішінде мұнда киелі Көкше өңірінен шыққан әдебиет және өнер қайраткерлерінің құнды мұралары топтастырылып, өмірі мен шығармашылығына қатысты тың деректер сақталған.

СНХ: АЙНАШ СӘДАҚАСОВА, ОБЛЫСТЫҚ ӘДЕБИЕТ ЖӘНЕ ӨНЕР МУЗЕЙІНІҢ ҚОР САҚТАУШЫСЫ: Сондай-ақ үлкен кітапханамыз бар. Онда 5 мыңнан астам кітап бар. Сирек кездесетін кітаптар бар. Вернадскийдің кітаптары сақталған. 70-ке жуық кітабы бар. Сонымен қатар, 150-ге жуық сирек кездесетін қолжазбалар және 200-ге жуық картина, суреттеріміз бар. Оның шінде жергілікті, Қазақстандық және әлемге танымал суретшілердің туындылары бар. Экспозициямызда 600-ге жуық экспонаттар көрсетілген.

РКС: Бұл жәдігерлерді көруге жыл сайын мыңдаған адам келеді. Музей қоры сыйға тарту және арнайы сатып алу арқылы тұрақты түрде толықтырылып отырады. Мұражай заман талабына сай жұмыс істеп келеді. Барлық экспонат цифрландырылған.

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ