ДИКТОР: Көкшетауда грек-рим күресінен мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Еркін Әуелбековті еске алуға арналған ашық облыстық турнир өтті. Жарысқа Ақмола облысының аудандары, еліміздің өзге өңірлері және көрші Қырғызстан мемлекетінен келген спортшылар қатысты.

РКС: Бозкілемге 130-ға жуық жас балуан шықты. Жарыс 33-тен 75 келіге дейінгі 10 салмақ дәрежесі бойынша ұйымдастырылды. Тартысқа толы белдесулерде еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас спортшылар өз шеберліктерін сарапқа салды. Қатысушылар арасында Қазақстан біріншіліктерінде топ жарып, жүлдегер атанған спортшылар да өнер көрсетуде.

СНХ: КУРЕЙШ АРЧАКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ОЛИМПИАДА РЕЗЕРВІ №1 МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Бұл турнир жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Биылғы жарысқа 12 команда жиналды. Бозкілемде 15 жасқа дейінгі кіші және жасөспірім балуандар өзара мықтыны анықтауда. Тартысқа толы дода жоғары бәсекелестік деңгейінде өтуде. Турнир – жас таланттарды танып, іріктеуге арналған алаң. Жаттықтырушылар құрамы әр балуанның шеберлігіне назар аударып, болашақта облыс құрамасына үміткер бола алатын спортшыларды бақылауда. Жарысқа спортшылар өңірдің грек-рим күресі жақсы дамыған аудандарынан келді.

РКС: Грек-рим күресі – ерік-жігер мен төзімділікті талап ететін олимпиадалық спорт түрінің бірі. Бұл күресте спортшылар тек белден жоғары әдістерді қолдана отырып, қарсыласын айла мен күштің үйлесімі арқылы жеңуге ұмтылды. Балуандар бір-біріне дес бермей, әдіс-тәсілдерін ұтымды қолдануға тырысты. Әрбірі жеңіс үшін аянып қалмай, соңғы секундқа дейін бар күшін сарқа жұмсады. Жанкүйерлер болса, әр белдесуді жіті бақылап, тартысты сәттердің куәсі болды.

СНХ: ОМАР БОЛАТҰЛЫ, ТУРНИРГЕ ҚАТЫСУШЫ (АТЫРАУ ОБЛЫСЫ): Мен қазір 1/4-те күресіп болдым. Солтүстік Қазақстан облвсының балуанымен күрестім. Күрес бәсекеге толы болды. 8/5 ұпайымен ұттым. Қазір бұйырса полуфинал күресемін. Өзімнің Атырау облысының баласымен тұрмын. Бұйырса финалға шығамын. Мен 52 келі салмақ дәрежесінде күрестім.+скл+Жарыс жоғары деңгейде өтуде. Парад ұнады. Көптеген үлкен кісілер келіпті жарыс көруге. Бұл бізге қолдау білдіреді. Мотивация болашаққа деген. Болашақта осы кісілердің жолын қуамыз.

СНХ: МАРЛЕН ЗИНАДИН, ТУРНИРГЕ ҚАТЫСУШЫ (СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ): 57 келі салмақ дәрежесінде белдесіп отырмын. Құдай қаласа ұтамын деп ойлаймын. Степногорсктың баласымен күрестім. Мықты бала екен. 8/0 есебімен ұттым. Ол жақтың балалары осал емес, мықты. Өте мықты спорт. Кішкентайымнан бері қатысып келе жатырмын. Жарыс әдемі өтіп жатыр.

РКС: Турнир қорытындысы бойынша үздік шыққан спортшылар арнайы дипломдармен және медальдармен марапатталды. Ең жеңіл – 35 келі салмақ дәрежесінде Солтүстік Қазақстан облысының өкілі Жақсылық Ербақыт қарсыластарынан басым түсіп, чемпион атанса, ең жоғары – 62 келі салмақ дәрежесінде Көкшетау қаласының намысын қорғаған Роман Шарапов үздік өнер көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Сайыс қорытындысы бойынша бозкілемде белдескендердің ішінен үздік нәтиже көрсеткен 44 балғын балуан марапатталды. Сондай-ақ салтанатты шара барысында спорт саласының ардагерлері мен Еркін Әуелбековтің туыстарына ерекше құрмет көрсетіліп, естелік сыйлықтар табысталды.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ