ДИКТОР: Өңірдегі 15 кәсіпорын жыл сайын 270 мың тоннадан астам дайын сүт өнімдерін шығарады. Нарықты отандық өніммен қамту мақсатында мемлекет агроөнеркәсіптік кешені саласындағы кәсіпкерлерге қолдау көрсетуде. Негізгі бағыттың бірі жеңілдетілген қаржыландыру. Соңғы үш жылда ғана «KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 11 жобаға қолдау көрсетті. Оның 8-інде сүт-тауарлы фермасының құрылысы мен қолданыстағы шаруашылықты кеңейту жоспары тұр. Соның бірі қазір Бурабай ауданында салынып жатыр.
РКС: Бурабай ауданындағы сүт-тауарлы фермасына Еуропадан 165 бас асыл тұқымды ірі қара мал жеткізілді. Кәсіпорынның құрылысы аяқталмағанына қарамастан, компания болашақ шаруашылық үшін асыл тұқымды табын жасақтау жұмысын бастап кетті.
СНХ: ҒАЛЫМЖАН ӘБДІҚАЛЫҚОВ, СЕРІКТЕСТІКТІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ: Өткен жылдан бастап «Burabay Milk» серіктестігі 1440 басқа шақталған сүт-тауарлы фермасының құрылысын қолға алды. Бұл жобаны іске асыруға Ауыл шаруашылығы министрлігі, өңір әкімдігі және «KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы зор үлес қосуда. Германиядан голштин тұқымды малдың алғашқы легі жеткізілді.
РКС: Бір жыл ішінде өңірдің сүт фермаларындағы мал басы 4800-ден астам ірі қарамен толықты. Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жобаларды несиелеу бағдарламасын жүзеге асыру мал шаруашылығын, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытуға және өңірде жаңа өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік беріп отыр.
СНХ: АЗАМАТ ЖАМБЕТАЛИН, «KOKSHE» ӘЛЕУМЕТТІК-КӘСІПКЕРЛІК КОРПОРАЦИЯСЫНЫҢ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ: Биыл шамамен түрлі саладағы 13 жобаны жинақтадық. Қаржыға шаққанда 43 миллиард теңгеге жуық. Оның қатарында сүт-тауарлы фермалар, жылыжайлар, көкөніс қоймалары, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, сондай-ақ ұсақ және ірі қара малға арналған бордақылау алаңдарын құру жобалары бар. Өткен жылдың соңынан бастап «AQMOLA INVEST» компаниясы Астана қаласындағы кеңсесімен бірге «KOKSHE» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қарамағына берілді. Бұл компанияның негізгі міндеті жобаларды «бір терезе» қағидаты бойынша, яғни кеңес беруден бастап толық іске асыруға дейін сүйемелдеу. Қаржыландыру, жобаларды жүргізу және кедергілерді жою бағытында көмек көрсетеміз. Яғни, жобаларды басынан аяғына дейін сүйемелдейміз.
РКС: Жалпы, облыстың агроөнеркәсіптік кешенінде тұрақты өсім байқалады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі алғаш рет 1,2 триллион теңгеге жетті. Саланы дамытуға инвестициялық жобалар мен мемлекеттік қолдау шаралары елеулі үлес қосуда.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ