ДИКТОР: Щучинск қаласында облыстық денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің арасында VIІ облыстық спартакиада өтті. Жарыста 400-ге жуық медицина қызметкері бақ сынасты. Спартакиаданың салтанатты ашылуына тілшіміз Евгений Варанкин барып қайтты.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Іріктеу кезеңі 6 аймақта өтті. Бірнеше күнге созылған облыстық жарыста өңірдің медициналық ұйымдарының қызметкерлері спорттың 7 түрінен бақ сынап, үздіктер анықталды.

СНХ: СЕРІК КӘКЕНОВ, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ «SENIM» ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПОДАҒЫ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАҒАСЫ: Жарыс денсаулық сақтау саласының қызметкерлері арасында өтетіндіктен, олардың рухы да мінезі де мықты, күресе де, жеңіске жете де алатынына сенеміз. Облысымыздың медицина қызметкерлеріне спорттық рухын сақтап қалуын тілейміз. Бұл жарыс жеңімпаздарды анықтау үшін ғана ұйымдастырылмайды. Негізгі мақсат бас қосып, араласу, пікір алмасу. Әрине, үздіктер марапатталып, әр спорт түрі бойынша, жалпы командалық есепте де қаржылай сыйақылар мен грамоталар табысталады.

РКС: Медицина қызметкерлері арасында биыл алғаш рет республикалық спартакиада өткізу жоспарланып отыр. Спорттық шара қыркүйек айында Түркістан облысында ұйымдастырылмақ. Облыстық спартакиадада спорттың бес түрі бойынша жеңіске жеткендер республикалық жарысқа жолдама алады. Келер жылы медицина қызметкерлері арасындағы сегізінші облыстық спартакиаданы Көкшетауда өткізу жоспарланып отыр.

СНХ: МАРАТ ОСПАНОВ, ЖАРЫСТЫҢ БАС ТӨРЕШІСІ: Алдымен аймақтық жарыстар өткізілді. Бүгін футбол, ерлер және әйелдер арасында волейбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, дартс және шахмат бойынша финалдық жарыстар өтіп жатыр. Жарыс спорттық тартыс жағдайында өтеді деп сенеміз. Әр спорт түрінде ең мықты команда мен үздік спортшылар жеңіске жететініне сенімдімін. Соған барлық жағдай жасаймыз.

СНХ: СЫМБАТ БЕРМҰХАНОВА, СПАРТАКИАДАҒА ҚАТЫСУШЫ (ЖАҚСЫ АУДАНЫ): Медицина қызметкерлері жыл сайынғы болатын жетінші спартакиадаға Жақсы аудандық ауруханасынан келіп тұрмыз. Осы республикалық медицина күніне арналған спартакиаданың ұйымдастырушыларға өте көп рахмет айтамыз. Қуанышпен қатысатынымызға сенімдіміз.

РКС: Спартакиада қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Көкшетау қаласы медициналық ұйымдарынан құралған команда жеңіс тұғырынан көрінді. Екінші орын Буланды, Бурабай, Зеренді мен Біржан сал аудандарының медициналық ұйымдарынан құралған командаларға бұйырса, үшінші орынды облыстық көпсалалы аурухана, Аршалы, Ерейментау, Қорғалжын және Целиноград аудандарының командасы иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, кубоктармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ