ДИКТОР: Ақмола облысында жыл басынан бері қызметтік иттердің көмегімен 150-ге жуық қылмыс ашылды. Оның басым бөлігі ұрлық деректері, сондай-ақ есірткі тасымалы мен өзге де құқық бұзушылықтар. Полицияның сенімді серігіне айналған иісшіл иттер жасырылған жарылғыш заттар мен қару-жарақты анықтауда да таптырмас көмекші. Бұдан бөлек, олар жоғалған адамдарды іздеу және күдіктілерді ұстау операцияларына белсене қатысады.

STAND-UP: ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ТІЛШІ: Бұл Макс есімді қызметтік ит. 4 жылдан бері полицейлердің сенімді серігіне айналған. Үш жастағы ит лабрадор тұқымынан. Осы уақытқа дейін ол 30-ға жуық қылмыстық істі әшкерелеуге көмектескен.

РКС: Төрт аяқты тәртіп сақшысы есірткі заттарды анықтауға машықтанған. Жыл басынан бері 15-ке жуық есірткі қылмысын әшкерелеген.

СНХ: ДИАС АҢСАРИЯНОВ КІШІ ИНСПЕКТОР-КИНОЛОГ: Макспен тұрақты жаттығамыз. Аптасына төрт рет, күніне екі сағаттан дайындаламыз. Қылмысты ашудағы көрсеткіші де өте жоғары. Тағы бір айта кететін жайт, қызметтік ит пен оның жетекшісі арасында міндетті түрде жақсы байланыс болуы керек. Ит пен иесінің арасындағы сенім мен түсіністік шамамен бір айда қалыптасады. Олардың өзара үйлесімі қызмет сапасына тікелей әсер етеді.

РКС: Аймақта соңғы бір жыл ішінде 10 келіден астам есірткі заты тәркіленді. Жедел-іздестіру шаралары барысында қызметтік иттердің көмегімен бірқатар дерек анықталды. Былтыр иісшіл иттер 140-тай қылмыстың ашылуына жәрдемдесті. Сондай-ақ, өңірде жарылғыш заттарды анықтауға машықтанған қызметтік иттер де бар. Солардың бірі – Джек есімді бельгиялық малинуа. Оның иесі – кинолог Еділ Бегалин.

СНХ: ЕДІЛ БЕГАЛИН, КІШІ ИНСПЕКТОР-КИНОЛОГ: Адам көп шоғырланған кезде отыратын орындарды жарылғыш заттардың бар-жоғын анықтау үшін мұқият тексеру керек. Кинологиялық қызмет орталығында жарылғыш заттарды іздеуге мамандандырылған үш қызметтік ит бар. Әр кинолог өзіне бекітілген итпен күн сайын жаттығады. Негізгі бағыт – жарылғыш заттарды іздеу, сонымен қатар жаттықтыру курстары да өткізіледі. Өзім Алматы қаласында жарылғыш заттарды іздеу бағыты бойынша екі айлық арнайы курстан өттім.

РКС: Облыс аумағында 56 ит қызметте. Оның бір бөлігі аудандарда, ал 18-і облыс орталығына бекітілген. Мамандар иісшіл иттерді жыл сайын Ішкі істер министрлігінің кинология орталығына екі айлық арнайы курсқа апарып, кәсіби даярлықтан өткізеді.

СНХ: АҚБОТА МАХМЕТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ КИНОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Оның ішінде бізде із іздестіру иттері бар, есірткі іздестіру иттері бар, одорология жағынан иттер бар, жарылғыш іздестіру иттері бар. Оның ішінде бір ит Алматыда оқиды. Одорология жағынан оқып жатыр. Екі айға кетті. Жаңа көрсеткен есірткі іздейтін ит осы маусымның аяғында Алматыға кетеді біздің центрға оқуға. Ал, жарылғыштар іздеушілер былтыр оқып, сертификаттарын алып, биыл уже жұмыс істеп жатыр. Күнде университтеттерді тексереді, колледждерді тексереді, қазір бізде ЕНТ басталды. ЕНТ басталғаннан бастап біздің қызметтік иттер күнде-күнде соған барып тексереді.

РКС: Қызметтік иттерді тек жаттықтырумен шектеу жеткіліксіз, теңгерімді күтім қажет. Олардың толық жұмыс істеуі үшін дұрыс әрі құнарлы тамақтануы да аса маңызды. Жаз мезгілінде негізінен құрғақ тағам берілсе, қыс айларында ағзасына қуат беретін арнайы ыстық тағамдар дайындалады. Денсаулығында ақау болмаса, иісшіл иттер бұл салада орта есеппен 8 жылдан астам қызмет етуге жарайды.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ