ДИКТОР: Көкшетаудағы «Бурабай» спорт кешенінде көрнекті ақын, дипломат және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің 90 жылдық мерейтойына арналған «Азия» ашық блиц-турнирі өтті. Мұндай шахмат жарыстары еліміздің 20 өңірінде бір күнде ұйымдастырылды. Облыс орталығында өткен жарысқа жас шамасы әр түрлі 50 шахматшы қатысты. Жергілікті ойыншылармен қатар Жақсы және Бурабай аудандарынан келген ойыншылар да бақ сынады.

РКС: Атақты қаламгердің мерейтойын спорттық шарамен ұштастырудың өзіндік мәні бар. Олжас Сүлейменов елдегі шахмат спортының дамуына зор үлес қосып, Қазақстан шахмат федерациясының алғашқы президенті болған. Бұл туралы жарыстың ашылу салтанатында өз сөзінде бас төреші Серікбай Темірбаев айтты. Турнирдің басты мақсаты тек осы спорт түрін насихаттау ғана емес, әлемдік әдебиетте өзіндік орны бар қаламгердің шығармашылығымен де жақын таныстыру.

СНХ: СЕРІК БИҒОЖИН, ШАХМАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ: Аталған турнирді Қазақстан шахмат федерациясымен бірлесе өткізіп жатырмыз. Мұндай жарыс еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылған. Олжас Омарұлы шахматты сүйіп ойнайтын жан, әрі 1990 жылдан бастап оның президенті болды. Бүгінгі турнирге 50-ге жуық адам қатысып отыр. Жоғары деңгейде өтеді деген сенімдеміз.

СНХ: ҚУАНЫШ ҚОЖАБАЙҰЛЫ, БЛИЦ-ТУРНИРГЕ ҚАТЫСУШЫ: Шахмат әлемдік рейтингте өте жақсы дамып келе жатыр. Қазақстан балалары да өзінің мықты екенін әлемде дәлелдеп жатыр. Бибісара Асаубаева, Жансая Әбдумәлік шықты ғой. Сол сияқты осы жерден де мықты шахматшылар өсңп шығады

РКС: Турнир швейцариялық жүйе бойынша 9 турдан тұрды. Блиц форматындағы жарыстың ерекшелігі – уақыттың шектеулігі. Әр партияға 5 минут және әр жүріске 3 секунд берілді. Мұндай формат қатысушылардан жоғары шапшаңдық пен нақты шешім қабылдауды талап етеді. Қазір Қазақстанда шахмат спорт жақсы дамып келеді. «Мектептегі шахмат» сияқты жүйелі бағдарламалардың арқасында бұл спорт айтарлықтай деңгейге көтерілді. Ересектермен бірге балалардың да сайысқа түсіп, жоғары көрсеткішке жетуі соның айғағы.

 СНХ ЕСКЕНДІР ӘДІЛЕТҰЛЫ, БЛИЦ-ТУРНИРГЕ ҚАТЫСУШЫ: Шахматты жеті жасымнан бастап ойнаймын. Көптеген жеңіске жеттім. Астанада республикалық чемпионатта жеңдім. Спорт шеберлігіне үміткермін. Шахмат математикалық ой-өрісті дамытады. Өмірде де көмегі зор спорт түрі.

СНХ: ДАНИЯР ЕРДЕНОВ, БЛИЦ-ТУРНИРГЕ ҚАТЫСУШЫ: Шахматами я занимаюсь три года. Пока имею первый разряд, в будущем мечтаю стать гроссмейстером.

РКС: Жарыстың жүлде қоры мен марапаттары бірнеше номинация бойынша табысталды. Жалпы есептегі үздік үш орыннан бөлек, ардагерлер, әйелдер мен жас шахматшылар арнайы жүлделермен марапатталды. Турнирдің қарқынды әрі тартысты өтуі ақмолалық шахматшыларға жылдам ойлау қабілетін шыңдап қана қоймай, мол тәжірибе жинақтауға да мүмкіндік берді.

ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ

.