ДИКТОР: Елорда іргесіндегі Ақкөл ауданы кәсіп ашып, өз жұмысын жандандырам деген жандарға таптырмас мекен. Яғни, аудандағы өнеркәсіп саласы жыл сайын артып келеді. Биыл өндірілген өнім көлемі 1,9 млрд.теңгеге жетті. Ауыл шаруашылығы саласында да тұрақты даму сақталуда. Болашақта жүзеге асырылатын маңызды жобалар да ауқымды. Әріптесім Лаура Елубаева баяндайды.
РКС: Биыл аудан экономикасына 28 млрд.теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланған. Ірі жобалардың қатарында "Ақкөл Құс" фабрикасын жаңғырту, металл конструкциялары мен сэндвич-панельдер шығаратын зауыт салу, мал бордақылау алаңдарын кеңейту және туристік нысандарды дамыту бар. Сонымен қатар, құрылыс саласында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Ақкөл қаласында 60 пәтерлі несиелік және 45 пәтерлі жалдамалы тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, жеке инвесторлар есебінен көпқабатты тұрғын үйлер де бой көтеруде.
СНХ: БІРЖАН ӘБДІРАХМАНОВ, АҚКӨЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Аудан орталығында тұрғын үй құрылысына инвесторларды тарту бағытында да белсенді жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта жалпы 8 көппәтерлі тұрғын үй салу жобалары іске асырылуда. Оның ішінде Абай көшесінде 6 үй, сондай-ақ Бигелдинов және Иманов көшелерінде тұрғын үйлер салынуда. Бұл жобалар бойынша жалпы жеке инвестиция көлемі 3,5 млрд.теңгеден асады.
РКС: Сонымен қатар, ауданда инженерлік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Қазір халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілген. Жолдарды жөндеу, жылу жүйесін жаңғырту және аулаларды абаттандыру жұмыстары да кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Сондай-ақ, заман талабына сай "Smart Aqkol" жобасы аясында қалада жасанды интеллект элементтері бар бейнебақылау камералары орнатылып, мектептер мен медицина мекемелерінде цифрлық технологиялар енгізілуде.
СНХ: БІРЖАН ӘБДІРАХМАНОВ, АҚКӨЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Бұл жобаларды іске асыру үшін 279 миллион теңге бөлінді. Жол қозғалысы мен қалада бақылауды көшейту үшін жылу бақылау құрылғыларымен жабдықталған екі стационарлық дрон іске қосылды. Сонымен қатар, Ақкөл ауданының орман шаруашылықтарында орман өрттерін ерте анықтайтын жүйелер де орнатылды.
РКС: Сондай-ақ, биыл орталық аудандық аурухана күрделі жөндеуден өтпек. Тіпті, заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған жедел жәрдем көліктері де сатып алынды. Бұл өз кезегінде аудан тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттырып, денсаулық сақтау саласының жұмысын жақсартуға мүмкіндік бермек.
СНХ: БІРЖАН ӘБДІРАХМАНОВ, АҚКӨЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Ақкөл аудандық ауруханасына жасанды интеллект негізіндегі дәрігердің дыбыстық көмекшісі енгізілді. Жүйе дәрігерлерге дауыс арқылы электронды медициналық картаға мәлімет енгізуге, талдаулар мен процедураларға жолдама рәсімдеуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде науқастарды қарау және кеңес беру уақытын ұлғайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар, медициналық карталар мен өзге де құжаттарды толтыру барысында жіберілетін қателер мен кемшіліктерді автоматты түрде анықтайтын "Defect AI" жасанды интеллект жүйесі енгізілуде. Жалпы, жүзеге асырылып жатқан жобалар Ақкөл ауданының "ақылды қала" деңгейіне жеткізуге бағытталып отыр.
РКС: Туризм саласына да ерекше көңіл бөлінуде. Мәселен, өңірде курортты аймақтар, қонақүйлер мен тау-шаңғы кешенін салу жоспарланып отыр. Келер жылы да Ақкөл ауданында инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды іске асыру жұмысы жалғасады.
ЛАУРА ЕЛУБАЕВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ