ДИКТОР: Көкшетаудағы белсенді ұзақ өмір орталығында «Саз балшық терапиясы» кабинеті ашылып, жұмыс істей бастады. Бұл жерге келіп жүрген қариялар екі айдың ішінде жануарлардың мүсіндерін жасап, саздан ыдыстар құйып, шығыстың көне қолөнер түрін меңгеріп алыпты.
РКС: Көкшетаулық мүсінші Манарбек Бұрмағанов белсенді ұзақ өмір орталығында қарияларға саз балшықтан түрлі мүсіндер жасауды үйретеді. Осы жерге жұмысқа шақырғанда бірден келісіпті. Өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, қарияларды кәдімгі балабақшаның балдырғандарындай осы іске баулып жатыр.
СНХ: МАНАРБЕК БҰРМАҒАНОВ, МҮСІНШІ: Пенсияға шыққан азаматтар осы жерде көңілдері көтеріледі, демалады, осындай мүсіндер жасайды. Бір жағынан саусақтарымен жұмыс істейді. Ол өздеріне пайдалы. Балшықты қолдарына жағып, істеген жұмыстарын көріп, көңілдері көтеріледі, әсер алады. Бір-бірімен танысып, сөйлесіп, жақсы уақыт өткізеді.
РКС: Қажетті шикізатты жергілікті кірпіш шығаратын зауыттан алдырып жатыр екен. Ол өте жұмсақ, илеуге икемді, әрі мүсін жасауға ыңғайлы дейді шебер. Қазірдің өзінде сөреде саз балшықтан жасалған жануарлардың мүсіндері қаз қатар тізіліп тұр. Кепкеннен кейін қалпын сақтау үшін арнайы пеште күйдіреді. Қариялар да бұл іске машықтанып қалыпты. Акварель бояулармен бояп, мүсіндерге түр беріп, балаша қуанғандарының өзі бір қызық.
СНХ: САРА ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Осы саз балшық секциясына келіп отырғаныма бір жарым ай болды. Көп нәрселерді үйрендік. Өте қуаныштымын. жануарларды саламыз, нервная система успакаивается, соның бәрі ұнайды.
РКС: Аптасына сабақ екі рет, бір-екі сағаттан жүргізіледі. Қариялар екі топқа бөлініп, сегіз адамнан сабаққа қатысады. Қимыл-қозғалыс егде жандарға өте қажет. Сондықтан саз балшықтан мүсін жасау олар үшін кәдімгі емдік терапия.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ