ДИКТОР: Көкшетауда өткен «DOSTI Skills Kokshetau 2026» халықаралық салалық чемпионаты аяқталды. Бірнеше күнге созылған кәсіби дода барысында қатысушылар электроника, мобильді робототехника, прототиптеу және ұшқышсыз ұшу аппараттары бағыттары бойынша бақ сынады. Чемпионатқа Қазақстанның түрлі өңірінен келген жас мамандар мен шетелдік сарапшылар қатысты.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Байқауының қорытындысы бойынша төрт бағытта 1, 2 және 3 орын иегерлері анықталды. Жеңімпаздар алтын, күміс, қола медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сонымен қатар, 11 қатысушы жоғары кәсіби шеберлігі үшін арнайы медальдарға ие болды.

СНХ: АЯН АЙТҚАЗИН, DOSTI SKILLS KOKSHETAU 2026» БАЙҚАУЫНА ҚАТЫСУШЫ (АБАЙ ОБЛЫСЫ): Бұрында DOSTI Skills Алматы кезінде қатыстым. Республикада қатыстым 25-ші жылы. 24 жылы да қатыстым. Бүгін де қатысып тұрмын. Керемет болды. Бізде заданиелер қиынырақ болды. Схема жинадық, печатный платада сурет салдық, және програмирования жасадық. 3 күн болды, 3 күн ішінде программалау болды, схема суретін салдық, жинадық, печатный плата салдық. Жарыста жеңімпаз болғаныма қуаныштымын. Өзім білген жоқпын бірінші орын алатынымды. Эксперттеріме, колледжіме және ата-анама рахмет айтамын.

РКС: Бұл дода WorldSkills Shanghai 2026 халықаралық чемпионатына қатысатын ұлттық құраманы іріктеу кезеңі. «Электроника», «Мобильді робототехника» және «Ұшқышсыз әуе аппараттары» құзыреттіліктері бойынша республикалық деңгейде І, ІІ және ІІІ орын иеленген құрамалар өзара бақ сынасты. Нәтижесінде Көкшетау жоғары техникалық колледжінің студенттері Роман Сапов пен Артем Шишкановтан құралған команда халықаралық чемпионатқа жолдама алды. Жеңімпаздарға Алматыда өтетін 48 күндік лагерьге қатысу мүмкіндігі берілді. Олар оқу-жаттығу лагерінде заманауи бағдарламалау бағыттарын меңгеріп, халықаралық деңгейдегі технологиялармен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіреді.

СНХ: РОМАН САПОВ, «DOSTI SKILLS KOKSHETAU 2026» БАЙҚАУЫНА ҚАТЫСУШЫ: Біз DOSTI Skills базасында Шанхай қаласында өтетін халықаралық чемпионатқа іріктеу кезеңіне қатыстық. Бұған дейін де түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, тәжірибе жинақтадық. Алғашқы кезең облыстық сайыс болды, онда І орынды иелендік. Кейін республикалық чемпионатқа жолдама алып, жүлделі ІІІ орынға қол жеткіздік. Республикалық кезеңнің қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар арасында қосымша іріктеу ұйымдастырылып, халықаралық деңгейде ел намысын қорғайтын құрама жасақталды. Жарыс барысында біз DOSTI Skills қатысушылары орындаған тапсырмаларды орындадық. Маңғыстаудан келген команда, біз және біздің колледждің екінші командасы бақ сынады. Жоғары дайындық пен табандылықтың нәтижесінде біздің команда І орынды иеленді. Маңғыстау командасы ІІ орынға тұрақтаса, колледждің екінші командасы ІІІ орынды еншіледі. .

РКС: Салтанатты шарада облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Балташева жеңімпаздар мен барлық қатысушыны жетістіктерімен құттықтады. Ол халықаралық деңгейдегі байқаулардың жас мамандардың кәсіби дамуына ерекше ықпал ететінін атап өтіп, қатысушыларға алдағы уақытта табыс пен жаңа жеңістер тіледі.

СНХ: АЙНАГҮЛ БАЛТАШЕВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Біз осы күндері осы чемпионат қатысушыларының мықты дайындығын көрдік. Біз сонымен қатар халықаралық деңгейде елімізді танытатын WorldSkills чемпионатында Қытайда өтетін үлкен додаға қаншалықты дайындықтың, қаншалықты жеңімпаздардың баратынын көрдік. Әрине, бұл үлкен жұмыс. Үлкен еңбек. Сол еңбектің артында біздің мықты мамандар, жетекшілеріміз отыр. Сондықтан да мен сіздерге үлкен алғысымды білдіремін. Сіздерге жарқын болашақ тілеймін. Жеңістеріңіз көп болсын. Жеңімпаздарды құттықтаймыз, әлемдік додада баршаңызға сәттілік тілеймін.

РКС: Олимпиада бұған дейін Түркістан, Алматы және Ақтау қалаларында өткен. Ендігі кезек – Атырау облысына беріліп отыр. Шара соңында көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлаған концерттік бағдарлама ұсынылды. Сахна төрінде әсем әуен шырқалып, ұлттық және заманауи билер үйлесім тапты.

ИНТЕРШУМ:

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ