ДИКТОР: Елімізде 120-дан астам теміржол вокзалы жаңартылып жатыр. Оның 16-сы облыс аумағында. Аймақ басшысы Марат Ахметжанов Атбасар, Жақсы және Есіл аудандардағы теміржол вокзалдарындағы жаңғырту жұмысының барысымен танысты. Тілшіміз Евгений Варанкин жалғастырады.

РКС: Атбасар қаласының теміржол вокзалы 1956 жылы салынған. Вокзалдарды қайта жаңғырту бағдарламасын іске асыру аясында ғимараттың ішкі және сыртқы қаптамасын демонтаждау барысында оның қайта жөндеуге жарамсыз екені анықталды. Осыған байланысты вокзал ғимаратын жаңадан салу туралы шешім қабылданды. Жаңа ғимарат заманауи технологиялар негізінде салынып жатыр. Сонымен қатар, перрон мен вокзал маңындағы алаң да қайта жаңғыртылатын болады.

СНХ: АРМАН НҰРМҰҚАНОВ, «INTEGRA CONSTRUCTION» СЕРІКТЕСТІГІ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Жолаушыларға да, қызметкерлерге де қолайлы жағдайлар жасалады. Вокзалда ана мен балаға арналған демалыс бөлмелері, балалар ойын бөлмесі, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы бөлмелер, асхана қарастырылған. Осы жоба бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазір ғимараттың сыртын қаптау жұмыстары атқарылуда. Кейін фиброцементті панельдермен қапталады. Негізгі жұмыстар аяқталды. Қазір ғимараттың сыртқы контурын жабу жұмыстары жүргізілуде, терезелерді осы аптада орнатып бітіреміз. Одан кейін ішкі жұмыстарына кірісеміз.

РКС: Жаңа вокзал ғимаратында бейнебақылау және өрт қауіпсіздігі жүйелері қарастырылған. Вокзал маңындағы алаң 170 шаршы метрге кеңейтіледі. Барлық жұмысты 15 шілдеге дейін аяқтау жоспарланып отыр. Жақсы ауылындағы теміржол вокзалы 1960 жылы салынған. Ғимараттың жалпы аумағы 221 шаршы метр. Аталған нысанның жаңғырту жобасы құны 95 миллион теңге. Нысан тамыз айында толығымен дайын болады деп жоспарланып отыр.

СНХ: ВЛАДИМИР КУЛАКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Бұл ғимарат 1960 жылы салынған. Қазір нысан шамамен 90 пайызға дайын. Жалпы, облыс бойынша 16 вокзалдың 8-і 90 пайыздан астамына, қалған 8-і 31 пайыздан 75 пайызға дайын. Жақсы ауылының вокзалы маусым-шілде айлары толығымен дайын болады.

РКС: Есіл қаласының вокзалы облыстағы ең ескі ғимараттың бірі. Нысан 1943 жылы салынған. Қазір бұл ғимарат та қайтадан салынып жатыр. Бүгінде құрылыс жұмыстарының жартысынан астамы аяқталды. Бұдан бөлек вокзал маңындағы алаң жаңартылып, 1,5 мың шаршы метр брусчатка ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Бұл ортақ қоғамдық кеңістік болғандықтан, нысандардың түрлі сәулеттік үлгіде салынуына жол бермеу мақсатында арнайы қаулы қабылданды. «Қазақстан темір жолы» компаниясы мен жергілікті атқарушы органдар жүргізетін жұмыстар бірыңғай кешен ретінде жүзеге асырылуы тиіс. Осыған сәйкес, вокзал құрылысын жүргізетін мердігер ұйым вокзал маңындағы аумақты да ортақ сәулеттік стильге сай абаттандыру жұмыстарын қатар атқарады.

РКС: Өңірдегі теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып жатыр. Жаңартылған нысандар жолаушыларға қолайлы жағдай жасап, заманауи талаптарға сай қызмет көрсететін болады. Сонымен қатар, вокзал маңындағы аумақтарды абаттандыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Жоба толық аяқталғаннан кейін тұрғындар мен қонақтар үшін қауіпсіз әрі ыңғайлы инфрақұрылым қалыптасады.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ