ДИКТОР: Ақмола облысында 200-ге жуық жасөспірім профилактикалық есепте тұр. Кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу үшін тиісті ведомстволар бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірледі. Басты назар бос уақытты тиімді жұмсауға бағытталған. Жасөспірімдер құқық қорғау және әскери-патриоттық жасақтарға белсенді түрде қатысуда. Дегенмен, күнделікті профилактикалық жұмыс басты бағыт.

РКС: Жыл басынан бері өңірде түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз көшеде жүрген 2 мыңнан астам жасөспірім ұсталды. Ата-аналардан бөлек, 20-дан астам ойын-сауық орындарының иелері де жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, полицияның ерекше бақылауында жағдайы нашар отбасылар да тұр. Мәселен, балалардың өмір сүру жағдайының нашар болуына байланысты сот арқылы 20 ата-ананың құқығына шектеу қойылды.

СНХ: АЙНАГҮЛ ҚУАНДЫҚОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЮВЕНАЛДЫ ПОЛИЦИЯ ТОБЫНЫҢ ЕРЕКШЕ ТАПСЫРМАЛАР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ИНСПЕКТОРЫ: Қазір 700-ге жуық қолайсыз отбасы профилактикалық бақылауда тұр. Олардың қарауында 900-ден астам бала бар. Мұндай ата-аналармен байланыс кезінде баланы тәрбиелеуден жалтару, оған тиісті көңіл бөлмеу, алкогольді шамадан тыс қолдану сияқты фактілердің алдын алуға қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Жыл басынан бері 400-ден астам ата-ана жауапкершілікке тартылды.

РКС: Білім беру ұйымдарына 400-ге жуық полиция қызметкері бекітілген. Құқық бұзушылықтарды анықтау үшін әлеуметтік желілерде жиі мониторинг жүргізіледі. Мектептегі буллинг үшін де жауапкершілік қарастырылған. Арыз-шағымды ата-ана да, мұғалім де бере алады. Өңірде 42 жасөспірім әлімжеттік жасағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Оның 4-і биыл тіркелді.

СНХ: АЙНАГҮЛ ҚУАНДЫҚОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЮВЕНАЛДЫ ПОЛИЦИЯ ТОБЫНЫҢ ЕРЕКШЕ ТАПСЫРМАЛАР ЖӨНІНДЕГІ АҒА ИНСПЕКТОРЫ: Бұрын буллинг үшін нақты жауапкершілік қарастырылмаған еді. Кез келген жасөспірімді мазақтап, қорлап, кемсітіп, оған қатысты әлімжеттік жасау фактілері орын алса да, заңнамалық деңгейде қандай да бір шара қолдана алмайтынбыз. 2024 жылдан бастап мұндай жағдайларды қызметкерлердің өздері анықтаған кезде, заңды өкілдерден арыз түскенде немесе білім беру органдарынан ақпарат келіп түскен жағдайда, құқық бұзушының жасына байланысты тиісті шаралар қолданылады. Яғни, 16 жасқа толған жасөспірім болса, жауапкершілікке оның өзі тартылады. Ал жасы 12-ге толса, онда жауапкершілік оның заңды өкілдеріне артылады.

РКС: Аймақта жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейінің өсуі тіркелген жоқ. Былтырғы жылмен салыстырғанда кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы қылмыс 59 процент төмендеді.

ЛАУРА ЕЛУБАЕВА, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ