ДИКТОР: «Жалынды Jastar CAMP 2026» жастарға арналған республикалық оқыту лагері басталды. Бұл жастардың өзара тәжірибе алмасып, білімдерін толықтыратын алаң. Оқыту лагерінде қамтылатын бағыттар мен қызықты бағдарламалар туралы тілші баяндайды.
ИНТЕРШУМ: Ашылу сәті
РКС: «Жалынды Jastar CAMP» лагері - жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді. Биыл еліміздің 7 өңірінен келген белсенді әрі талантты жастар жиналды. Қатысушыларға түрлі бағытта оқыту жүргізіліп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасалды. Сонымен қатар бағдарлама квест, квиз, баскетбол секілді қызықты ойындармен толықты.
СНХ: ДАСТАН ЕРМЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Бүгінгі лагерді 3 бағытта алдық. Ол «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан», және цифровизация бағыты. Оған республикалық ұйымдардың делегациялары келді. ТедХ және нетворкинг форматында жастармен кездесу өтеді. Және міндетті түрде экологиялық акция болады. Ертең воркшоп ұйымдастырамыз. Мұнда барлық облыстан келіп отырғандар Жастар ресуртық орталығының мүшелері, белсенділер және волонтерлер.
РКС: Оқыту лагерінің негізгі тақырыбы – заң және тәртіп болды. Осы бағыт аясында арнайы шақырылған қонақтардың қатысуымен TEDx форматындағы ашық алаң ұйымдастырылды.
СНХ: АБЫЛАЙХАН САПАРБЕК, «ESBOL QORY» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ӨКІЛІ: Біздің бағдарлама есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасымен көп жыл бойы әзірленген. Бағдарлама сынақтан өткізіліп, кейін бізге берілді. Біз өзіміз де арнайы тренингтен өтіп, енді жастарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін осында келдік. Өйткені біздің жастар ол бір ұйымдасқан орта. Бағдарламаның атауы «Friends in Focus». Себебі, есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының пікірінше, адамның тәуелділікке ұшырағанын немесе қандай да бір мәселелері бар екенін ең алдымен оның достары мен жақын ортасы ерте кезеңде анықтай алады.
СНХ: АЙКӨРКЕМ ЖОЛДАС, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БЕЛСЕНДІСІ: Біз Атырау облысының жастар ресурстық орталығынан келіп қатысып отырмыз. Жалпы, бүгінгі лагерьде, жоғарыда айтылғандай, «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында тікелей форматтағы кездесулер өткіземіз. Бағдарламамен танысқан кезде бүгінгі және ертеңгі күндерге арналған өте қызықты жоспарлардың қойылғанын көрдік. Соған ерекше қуаныштымыз. Келгелі бері өзімізге жаңа таныстар тауып, жақсы достармен және әріптестерімізбен танысып жатырмыз. Осындай ортада жақсы тәжірибе жинақтап, жұмыс бағытымызда қолдануға болатын пайдалы әрі өнімді ақпараттар аламыз деп сенеміз.
РКС: Аталған лагерьге 140-қа жуық белсенді жас қатысуда. Екі күнге жоспарланған шараның ертеңгі бағдарламасында воркшоп форматындағы сабақтар ұйымдастырылып, жастарға жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдылары үйретіледі. Сонымен қатар лагерь барысында белсенділік танытқан қатысушылар мен жеңімпаздар марапатталады.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ