ДИКТОР: Кәсіпкерлер мемлекеттен 5 миллион теңгеге дейін грант ала алады. Қаражат әлеуметтік кәсіпкерлерге, яғни өз жұмысы арқылы халықтың әлеуметтік осал тобына қолдау көрсететіндерге бөлінеді. Олар жұмыс орындарын ашады. Мұндай кәсіпкерлер қоғамдық-пайдалы, білім беру және мәдени-ағарту жобаларын жүзеге асырады. Осындай әлеуметтік кәсіпкердің бірімен тілшіміз танысып қайтты.
РКС: Кәсіпкер Бақытгүл Бекенова алғашқы тұлғаны дамыту орталығын 2019 жылы ашқан. Көпбалалы ана өзінің сәбиі үшін қосымша сабақтарды таңдау кезінде қиындыққа тап болған соң, осыны өзім жүзеге асырсам деген ой келеді. Қазір ол 4 орталық ашып үлгерген. Біреуі Щучинск қаласында, қалған үшеуі Көкшетауда. Жас шамалары 3,5-нан 17-ге дейінгі аралықтағы 800-ден астам бала орталыққа барып жүр. Түрлі бағыттағы секциялар мен үйірмелер сол орталыққа шоғырландырылған. Білім, өнер мен спорттың бәрі бір жерде. Балалар үшін бәрі тегін. Өйткені, кәсіпкер DamuBala мемлекеттік бағдарламасына қатысады.
СНХ: БАҚЫТГҮЛ БЕКЕНОВА, ӘЛЕУМЕТТІК КӘСІПКЕР: біз 5 пен 7 жасқа дейінгі балаларды мектепке дайындау, ерте дамыту топтары бойынша қызмет көрсетеміз. Сондай-ақ бірінші сыныптан 4-ші сыныпқа дейінгі оқушылардың үй тапсырмасын орындауы бағытында жұмыс істейміз. Хореография, домбыра, қолданбалы-қолөнер, кесінділерден тігін тігу, актерлік шеберлік сынды шығармашылық үйірмелеріміз де бар. Сондай-ақ спорттық үйірмелер, шахмат пен каратэ де жұмыс істеп тұр. Жаңа технологиялардың дамыға ндәуірінде уақыт бір орында тұрмайды. Үнемі ізденіс, жаңару болуы керек. Оқытудың дәстүрлі әдісін өзгертетін кез келді. Сондықтан, кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдаудың арқасында біз интерактивті панельдер сатып алуға грант иелендік. Қазір біздің орталықтарда оқыту заманауи стандарттар бойынша жүргізіледі.
РКС: Мемлекеттен бөлінген қаржыға кәсіпкер сыныптардағы құрал-жабдықтарды жаңартқан. Мектепалды дайындық мұғалімі Мәдина Мәдиева 3 жылдай тұлғаны дамыту орталығында еңбек етіп келеді. Тың технологиялар сабақты қызықты әрі сапалы етеді,-дейді маман.
СНХ: МӘДИНА МӘДИЕВА, МЕКТЕПАЛДЫ ДАЙЫНДЫҚ МҰҒАЛІМІ: Біз бұған дейін ағаш тақтаға бормен жазып, әдістемелік қағаз оқулықтарды пайдаланып келдік. Оның машақаты көп еді. Ал қазір жаңа технологиялардың арқасында жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Тач-панельдің көмегімен сабақты мейлінше түрлендіріп, балалар үшін қолжетімді әрі қызықты етуге тырысып жатырмыз. Соның арқасында балалардың да оқуға қызығушылығы басым. Білім беру орталығы ретінде біз де технологиялардан қалмай, алға жылжып жатырмыз. Біздің балаларымызға мүмкіндік көп, сол арқылы олар өздерінің қабілеттерін, қызығушылықтарын арттыра алады. Бұл өте қуанышты жағдай.
РКС: Қазақстанда қайтарымсыз грантты тек жұмыс істеп тұрған әлеуметтік кәсіпкерлер ала алады. Тиісті реестрге қосылу міндетті шарт.
СНХ: БАҚЫТГҮЛ ЖӘКЕТАЙ, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ӨНЕРКӘСІП БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: Өткен жылдың қорытындысы бойынша басқарма әлеуметтік кәсіпкерлік субьектілерінің реестрін өзектілендіруді қолға алды. Осылайша жылдың басында әлеуметтік кәсіпкерлердің саны 35-ке жетті. Сондай-ақ осы жылдың наурызында реестрге қосылуға өтініш қабылдауды бастады. Қазір оның тізіліміне енген әлеуметтік кәсіпкерлердің саны 57-ге жетті.
РКС: Реестрге қосылуға кезекті өтінім қабылдау маусымның 1-і мен 15-і аралығында жүргізіледі. Екі апта көлемінде облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына құжаттар тапсыруға болады. Ал гранттарды беруге қатысты конкурс жылдың соңына дейін өткізіледі.
ЛАУРА ЕЛУБАЕВА, ЭЛЬМИРА ОСПАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ