ДИКТОР: Биылғы оқу жылында Ақмола облысының оқушылары білім мен зияткерлік бәсекелерде бірқатар үздік нәтижеге қол жеткізді. Халықаралық, республикалық және облыстық олимпиадалар мен ғылыми байқауларда өңір оқушылары 1400-ден астам марапатты иеленіп, оның 260-ы алтын медальға айналды. Әсіресе халықаралық білім додаларында ақмолалық шәкірттер өңір мерейін үстем етті. Аймақтағы 520-дан астам мектепте білім алған 140 мыңдай оқушы осындай табыспен қорытындылап отыр. Ал 20 мыңға жуық түлек үлкен өмірге қанат қаққалы тұр. Олардың қатарында білім мен еңбекті серік еткен шамамен 450-ге жуық жас «Алтын белгіге» , 500-ге жуық оқушы үздік аттестатқа үміткер.
РКС: Мектеп оқушылары үшін үлкен өмір мен армандаған мамандыққа бастар жолдың қайнар көзі саналатын жауапты да шешуші кезең емтихан тапсыру. Ол мамырдың 29-ынан бастап шілденің ортасына дейін жалғасады. Ал, 30-ға жуық колледжде білім алып жатқан 6 мыңнан астам студент биыл өз мамандығын меңгерген, кәсіби маман ретінде еңбек жолына қадам басқалы отыр. Олардың 5 мыңнан астамы алдын-ала жұмыспен қамтылған.
СНХ: АЙНАГҮЛ БАЛТАШЕВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Өңір колледждерінде оқу жылы 30-шы маусымда аяқталады. Мемлекеттік қорытынды аттестаттау 10-ны мен 27-ші маусым аралығында өтетін болады. Облыс колледждері әлеуметтік әріптестікті дамыту және кадрларды даярлау сапасын арттыру мақсатында 459 кәсіп орынмен белсенді ынтымақтастық жүргізуде. Сонымен қатар дуальді оқыту жүйесі 24 колледжге енгізіліп, осы нысандар бойынша мемлекеттік білім беру аясында 6 мыңға жуық студент білім алуда. Мақсатты мемлекеттік тапсырма шеңберінде кәсіпорындардың нақты өтінімдері бойынша 2 мыңнан астам студент кәсіби білім алып жатыр.
РКС: Жаңа оқу жылына бүлдіршіндерді қабылдауға дайындық жұмыстары басталып кетті. Биыл Ақмола облысында шамамен 12 мыңнан астам бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттамақ. Құжат қабылдау маусымның 10-ы мен тамыздың 31-і аралығында жүзеге асырылады. Ата-аналар өтініштерін egov порталы арқылы немесе тікелей білім беру ұйымдарына барып тапсыра алады. Сондай-ақ, балаларды сапалы біліммен қамту мақсатында облыстың 166 мектебі Starlink (старлинк) жүйесімен қамтылса, 370-ке жуық мектеп талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылған. Бұл білім саласының цифрлық сауаттылық бағытында қарқынды дамуының айқын көрінісі. Өңірде білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да қолға алынған .
СНХ: АЙНАГҮЛ БАЛТАШЕВА, ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Қосшы қаласында яғни 1500 орындық мектептің құрылысы қолға алынып отыр. Бұл биылғы үлкен бастамалардың бірі. Сонымен қатар өздеріңіз білесіздер осы оқу жылдың басында облыс бойынша 1548 орынға арналған мектептер өз есіктерін айқара ашып, оқушыларымыз сапалы білім алу үшін барлық жағдайлар жасалды. Сонымен қатар, ағымдағы жылы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 5,1 млрд теңге қарастырылып, 8 жоба іске асырылады деп жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, 61 білім беру ұйымына 1 миллиард 39 миллион қаражат қарастырылып отыр.
РКС: Жазғы демалыс маусымы да жоспарға сай жүргізілуде. 115 мыңға жуық оқушы түрлі демалыс және сауықтыру бағдарламаларымен қамтылмақ. 13 жазғы лагерь жұмыс істейді. Әлеуметтік осал санат тобына жататын отбасының 1800-ге жуық баласына тегін сауықтыру жолдамалары беріледі. Қазірдің өзінде жолдамаға байланысты білім басқармасы 18 ауданмен келісім-шарт жасасты.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ