ДИКТОР: Көкшетауда «Думан» педагогикалық жасағының мерейтойлық концерті өтті. Ұйым өңірдегі балалар лагерьлеріне қажетті негізгі кадрларды даярлайды. Жасақ соңғы 10 жыл ішінде 3 мыңнан астам тәлімгерді оқытып шығарды, олар 23 лагерьдің жазғы ауысымдарында қызмет атқарды. Мамандардың жоғары біліктілігін қамтамасыз ету мақсатында оқу үдерісі жыл бойы үздіксіз жүргізіледі.

РКС: Равиль Загайдуллин – «Думан» педагогикалық жасағының тұңғыш құрамының түлегі. Ол он жыл бойы әр жаз сайын балалар лагерьлерінде еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде жиырмаға жуық орталықта жүзден астам ауысым ұйымдастырған. Оның айтуынша, жасақ мүшелері қашан да биік белестерді бағындыруға ұмтылып, үздік нәтижеге қол жеткізуді мақсат еткен. Бүгінде олар он жылдық мерейтойларын ерекше сән-салтанатпен атап өтуде.

СНХ: РАВИЛЬ ЗАГАЙДУЛЛИН, «ДУМАН» ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЖАСАҒЫНЫҢ АҒА ҮЙЛЕСТІРУШІСІ: «Думан» педагогикалық жасағының алғашқы түлектерінің бірімін. Осы ұйымның қалыптасу үдерісіне бастапқы кезеңнен-ақ куә болдым, оның қалай құрылып, дамығанын көзбен көрдім. Біз алғашқы тәжірибеден өтушілердің қатарында болып, алғаш келген жасақтың бірінші легін құрадық. Бірінші шығарылымдағы қатысушылардың шамамен 90 проценті волонтерлер орталығынан келген жастар еді. Ол кезеңде бұл 40-тан астам адамнан құрылған шағын ғана топ болатын. Біз үшін де, қала үшін де жаңа бастама болды. Біз жаңа қозғалыстың, жаңа көзқарастар мен тың идеялардың негізін қалауға атсалыстық.

РКС: Отряд 2016 жылдан бері 12 тәлімгерлер легін даярлап шығарды. Қатысушылар тоғыз айлық оқу бағдарламасы барысында актерлік және шешендік өнердің негіздерін, жас ерекшелігі психологиясын, алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын, ойын технологияларын, тимбилдинг әдістерін және тайм-менеджментті жан-жақты меңгереді. Ұйым орталықтары Астана, Көкшетау және Щучинск қалаларында жұмыс істеп тұр.

СНХ: СҰЛТАНБЕК БЕКІШЕВ, «ДУМАН» ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЖАСАҒЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ: Біздің ұйым 10 жыл бойы өңірімізде тәлімгерлік және волонтерлік қозғалысын дамыту бағытында белсенді жұмыс атқарып келеді. Педагогикалық жасақтың қызметі тек лагерьлердегі тәлімгерлер жұмысымен шектелмейді, кең ауқымды қоғамдық қызметті де қамтиды. Атап айтқанда, «Номад» волонтерлік центрі мен «Думан» педагогикалық жасағының белсенділері бірлесіп көптеген әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда. Солардың қатарында «Аула алаңдары», «Қамқор» және «Диспетчерлік қызмет» жобалары бар. Біздің басты мақсатымыз – тәлімгерлерді даярлау ғана емес, еліміздің лайықты азаматтарын тәрбиелеу.

 РКС: «Думан» педагогикалық жасағы он жылдық қызметі барысында өзінің кәсіби шеберлігін халықаралық деңгейде көрсете білді. Соңғы жылдары Зерендіде шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасуға арналған халықаралық нұсқаулық лагерін ұйымдастырып келеді. Бұл бастама жас тәлімгерлердің кәсіби дамуына серпін беріп, халықаралық ынтымақтастықтың нығаюына ықпал етуде.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ