ДИКТОР: Бурабай – ел туризмінің брендіне айналған өңір. Жыл сайын мұнда бір жарым млн-нан астам турист келеді. Енді табиғаты көркем курортқа келген жолаушыларды жаңартылған теміржол вокзалы қарсы алмақ. Заманауи талапқа сай қайта жаңғыртылған сапаржай маусымның 15-сі пайдалануға беріледі. Сондай-ақ аудан орталығында экопарк пен жабық футзал кешенінің құрылысы да қатар жүріп жатыр. Аймақ басшысы Марат Ахметжанов жұмыс сапары аясында Бурабай ауданына барып, әлеуметтік маңызға ие құрылыстардың барысымен танысты.

РКС: «Бурабай курорты» сапаржайы күніне 2 мыңға жуық жолаушыға қызмет көрсетеді. Ал жарты ғасырға жуық тарихы бар нысанға күрделі жөндеу бұған дейін 15 жыл бұрын жүргізілген. Енді ұзақ жыл жөндеу көрмеген ғимаратта инженерлік желілер жаңартылып, вокзал аумағы абаттандырылды. Жолаушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығы үшін барлық қолайлы жағдай қарастырылған.

СНХ: БӨКЕНБАЙ ЖАДЫРАСИНОВ, «БУРАБАЙ КУРОРТЫ» СТАНЦИЯСЫ ВОКЗАЛЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Енді бұл вокзал 80-ші жылдары салынып, 88-ші жылы іске қосылған вокзал бұл. Содан бері 2002 жылы бірінші рет жөндеуден өтті - орташа жөндеуден. Екінші күрделі жөндеуден 2012 -2013 жылы өтті. Былтырдан бері істеліп жатқан жөндеу анау екеуінен гөрі, заманауи сай. Жолаушыларға өте қолайлы. Мүмкіншілігі шектеулі кісілерге мына залдан анау залға бұрын өтуге қиын болатын. Қазір қосымша көтеріп шығаратын істеді. Лифт жасады. 1-ші этаждан 3-ші этажға көтеріліп-түсуіне қазір мүмкіншіліктері қазір жақсы.

СНХ: ӨТЕЛБАЙ БЕЙСЕНОВ, ЩУЧИНСК ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Бұрынғымен салыстыруға болмайды. Мынау заманауи, электронный таблосы бар. Бұрын поездардың кестесі қағаздарда, тақтада жазулы болатын. Енді қазір таблода шығатын болды. Туристік аймақ қой, біздің Бурабай өлкесі. Мында келетін кісілер, мыңдап, миллиондап келеді жылына, қысы-жазы. Сол келген кісілерлен енді ұялмайтын болып, кеудемізді керіп, мақтанышпен айтамыз. Келіп-кеткен кісілердің қысылмай, қымтырылмай, ыңғайлы жүріп-тұруына жасалған бұл үлкен мәселенің шешілгені деп ойлаймыз.

РКС: Бүгінде нысанда жұмыстың басым бөлігі аяқталған. Жоспар бойынша маусымның 15-сі халық игілігіне беріледі,- дейді мердігер.

СНХ: РУСЛАН ЖАЛМАҒАМБЕТОВ, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ: Қазір негізгі жұмыс перрон аумағында жүргізіліп жатыр. Жолаушылардың пойызға мініп-түсуі ыңғайлы болуы үшін перрон толықтай жаңартылып, барлық стандартқа сай қайта салынады. Перрон биіктігі рельс деңгейінен 20 сантиметр болады. Сондай-ақ нысан мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделе жасалған. Лифттер мен арнайы көтергіш құрылғылар орнатылды. Қажетті жиһаз бен техника да жеткізілді.

ИНТЕРШУМ:

- Бурабай туристік аймақ... Марат Ахметжанов вокзалды уақытылы тапсыруды ескертеді

РКС: Заманауи нысан курорттық аймақтың мәртебесіне сай, туристердің артуына да серпін бермек. Жалпы аймақ бойынша жаңғыртудан өтіп жатқан 16 вокзалдың 9-ы жақын арада ел игілігіне беріледі. Маңызды инфрақұрылымдық құрылыстар аймақ басшысы Марат Ахметжановтың жеке бақылауында. Сондай-ақ аудан орталығында қала тұрғындары мен қонақтарының жайлы демалысы үшін 15 мың шаршы метр болатын заманауи эко-парк құрылысы да қарқын алған. Мұнда «Ана мен бала» мемориалы мен шаңырақ үлгісіндегі күмбез, сондай-ақ амфитеатр, балалар және спорт алаңдары, инклюзивті ойын аймағы орнатылады. Жоба аясында демалыс аймағына 700-ге жуық сәндік ағаш пен 50 түп ағаш көшеті отырғызылады. Нысан маусымның 1-інде пайдалануға беріледі.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Былтыр ғана мәдениет үйін іске қостық. Міне тұр жаңадан салынып. Мына жерде үлкен спорт кешені қосылды. Тікелей Президенттің тапсырмасымен жасалып жатқан. Енді солардың бәрін бір-бірімен байланыстырып, қазіргі заман талаптарына сай эко-парк жасалып жатыр. Бұл жерге «Бала мен Ана» деген ат беріліп жатыр. Өйткені бұл жерде үлкен қариядан бастап еңбектеп жүрген бала да келіп, серуендеп, жақсы әсер алып, еліміздің дамып жатқанын, Бурабай туристік қала екенінің өзінің бір белгісі болады.

РКС: Ал жаңа оқу жылының басында жергілікті жастардың игілігіне жаңа футзал кешені беріледі. Мұнда футбол, волейбол және баскетбол алаңдары қарастырылған. Жоба бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылуда. Сондай-ақ аймақ басшысы Марат Ахметжанов өңірге «Халық әуені» гастрольдық-концерттік туры аясында Ақмола облысына сапармен келген Бақытжан Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласының «Алматыдан әсем әуен» атты концертін тамашалады. Айта кетейік, ансамбль 1935 жылы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының жанынан құрылып, кейін қазақтың көрнекті композиторының есімімен аталған. Терең тарихы мен бай репертуары бар өнер ұжымы бүгінде Орталық Азияға кеңінен танымал. Кеш барысында сахна төрінде классикалық шығармалар мен халық әндері шырқалып, өнерпаздар көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Жергілікті өнер ұжымы да назардан тыс қалған жоқ. Аймақ басшысы Марат Ахметжанов Қатаркөл ауылының шығармашылық ұжымымен кездесіп, баян аспабын сыйға тартты.

ИНТЕРШУМ:

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ