ДИКТОР: Астана іргесіндегі Целиноград ауданының Талапкер ауылында биылғы соңғы қоңырау салтанаты айырықша әсермен өтті. Балалықпен қоштасып, үлкен өмірге қадам басқан түлектердің қуанышын бөлісу үшін мерекеге арнайы еліміздің Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов келіп, жас түлектерге ақ жол тіледі. Мектеп ауласын қоңырау үні мен қимастық сезім тербеген сәтте, ұстаздар мен ата-аналардың жүрегін мақтаныш сезімі кернеді. Биыл ауыл мектебінен 9 және 11-ші сыныпты 60-тан астам оқушы тәмамдады. Олардың қатарында білім бәйгесінде топ жарып жүрген 2 «Алтын белгіге» үміткер мен 5 үздік аттестат иегері бар. Салтанатты кеште айтылған ақжарма тілектер мен жүрекке жеткен жылы сөздер түлектерге үлкен серпін сыйлады.

ИНТЕРШУМ:

РКС: Салтанатты шарада облыс әкімі Марат Ахметжанов білім мен тәрбиені қатар ұлықтаған ұстаздардың өлшеусіз еңбегін, талап пен талпынысты серік еткен шәкірттердің еңбегін елеп, алғысын білдірді. Сондай-ақ, Целиноград ауданында білім сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталды.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Ақмола облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында заманауи білім беру инфроқұрылым қарқынды дамып келеді. Біздің облыста 9 мектеп бой көтерді. Оның 7-і осы Целиноград ауданында. Оның ішінде 2-і талап кер ауылында. Ол дегеніміз қала мен ауылдың білім берук сапасынның айырмашылығын азайту.

РКС: Еліміздің Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова биылғы оқу жылының Ақмола өңірі үшін толайым табыс пен жарқын жетістіктерге толы болғанына ерекше тоқталды. Министр өз сөзінде халықаралық ғылым, спорт және өнер додаларында топ жарып, көк байрағымызды биікте желбіретіп жүрген дарынды шәкірттерге ерекше тоқталды.

СНХ: ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ: Өздеріңізбен осындай мерекеде қауышқаныма өте қуаныштымын. Келіп жеткен соңғы қоңырау мерекесі баршаңызға құтты болсын. Халықаралық деңгейдегі білім бәйгесінде мектеп оқушылары жоғары жетістіктер көрсеткендігінің, ең үздік «Инновациялық жоба» номинациясы бойынша жүлделі кубокпен марапатталғанын ерекше атап өтеміз. Бұл шәкірттердің білімге деген құштарлығы және шығармашылық ізденістің сонымен бірге, ең бастысы ұстаздарымыздың табанды еңбегінің жемісі. Біз әрбір түлектің алдында биік белестерді бағындырып, ел дамуына өзіндік үлес қосатын білімді де білікті азамат болаларына зор сенім артамыз.

 РКС:Қоңыраудың соңғы үні түлектердің жүрегін қимастық пен үмітке толы ерекше сезім тербеді. Балалық шақтың бал дәурені артта қалып, арманға бастар ақ жол алдарынан ашылды. Білімнің кәусар бұлағынан сусындатып, өмірдің шамшырағын жаққан аяулы ұстаздарына олар жүрекжарды алғыстарын арнады. Алтын ұя мектебімен қоштасқан жас түлектер енді қияға қанат қаққан қырандай, асқақ армандарын серік етіп, үлкен өмірдің жаңа белесіне нық қадам басты.

СНХ: ӘДІЛХАН АРЫНҒАЗИН, ТАЛАПКЕР АУЫЛЫНДАҒЫ МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯНЫҢ ТҮЛЕГІ: Бүкіл мұғалімдеріме, ата-анама алғыс айтқым келеді. Ерекше алғыс профориентологтарға айтқым келеді. Өйткені осы кісі арқылы мен өз бағытымды таңдап, дүниежүзі-ағылшын тілі комбинациясын таңдап Еуразия ұлттық университетіне түскім келеді.

РКС: Балаларының болашаққа бастар нық қадамдарын көрген ата-аналардың жанарынан қуаныш пен толқыныс қатар сезілді. Ақ тілегін арқалаған аналар мен асқар таудай әкелер үшін бұл күн үміттің ақталған, маңдай тердің жемісі көрінген ерекше сәт болды.

СНХ: ІЛИЯС ҚЫРЫҚБАЕВА, АТА-АНА: Балаларым Ибраһим мен Аиша 11-ші сыныпты аяқтап жатыр жас түлектер. Енді осы жас түлектерге сәт-сапар тілейміз. Алдарында болашақтары ашық болсын.

СНХ: НҰРЛЫҚАЙЫҢ МАХМҰТОВ, АТА-АНА: Алда ҰБТ-дан жақсы балл алып, алдағы қойған үлкен мақсаттарына жетіп, оқуыңа түсіп арманыңа жет.

РКС: Салтанатты шарадан кейін Оқу-ағарту министрі мектеп ұстаздарымен арнайы кездесіп, алдағы оқу жылында білім саласына енгізілетін бірқатар жаңашылдықтар туралы айтты. Кездесу барысында педагогтер өзекті мәселелер төңірегінде ашық пікір алмасты.

СНХ: ЖҰЛДЫЗ СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бірінші жасанды интеллектті мына орта білім беру базасына енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Екінші мына «Кітап оқу, зерделі ұлт» деген жарлыққа қол қойды. Мұны барлығын жүзеге асыратын өздеріңізсіздер. Қазір біз жайлап сіздердің біліктіліктеріңізді арттыруға байланысты, келешек мектептеріндегі айлық жалақы, білім мазмұны, білім беру бағдарламалары сияқты біраз жаңалықтарды жүзеге асырамыз.

РКС: Алдағы 3 жылда мектептердің цифрлық инфрақұрылымы жаңартылып, оқушылардың жеке қажеттілігіне бейімделген оқыту жүйесі енгізілмек. Сондай-ақ, педагогтерді даярлау, дербес деректерді қорғау және ақпараттық қауіпсіздік мәселелері де басты назарда болады. Жасанды интеллектті қолданудың бірыңғай стандарттары бекітіліп, академиялық адалдық пен қауіпсіздік талаптары күшейтіледі.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ