ДИКТОР: Ақмола облысында жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарына 75 миллиард теңге бөлінді. Биыл өңірде 400 шақырымға жуық жол жабындысын жөндеу жоспарланып отыр. Әсіресе, 10-15 жыл бойы жөндеуді қажет етіп келген жол учаскелеріне ерекше көңіл бөлінуде. Әріптесім Лаура Елубаева баяндайды.
РКС: Көкшетау-Атбасар бағытынан Зеренді ауданындағы Шағалалы ауылына дейінгі автомобиль жолына жүрзіліп жатқан орташа жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Жолдың ұзындығы 3 шақырымнан астам. Бұл жолмен күніне орта есеппен алғанда 500-ге жуық көлік қатынайды. Жөндеу жұмыстары сәуірдің 20-ы басталған. Қазір учаскеде 10 адам және 6 техника жұмыс істеп жатыр.
СНХ: ДАНИЯР СӘДУАҚАСОВ, УЧАСТОК БАСШЫСЫ: Жұмыстың шамамен 85 проценті аяқталды. Нақтырақ айтқанда, жол жиегін нығайту жұмыстары ғана қалды. Сонымен қатар, үш құбыр төселді. Менің ойымша, айдың соңына дейін жұмысты толық аяқтаймыз.
РКС: Сондай-ақ, Көкшетау-Зеренді тас жолы бойында да жөндеу жұмыстары қарқынды. Аталған учаскеде жолдың жүру бөлігі кеңейтілуде. Сонымен қатар, өңірдегі Жезқазған-Петропавл автожолында және Есіл мен Жақсы аудандарын Атбасар қаласы мен елорданы байланыстыратын негізгі көлік дәліздерінде жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Ірі инфрақұрылымдық жобалар қатарында Жақсы-Чистополье, Макинск-Ақсу-Торғай және Екатеринбург-Алматы тас жолының бір бөлігін күрделі жөндеу жұмыстары бар. Жергілікті маңызы бар жолдарды жаңарту ісі де назардан тыс қалған жоқ.
СНХ: ВЛАДИМИР КУЛАКОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарына биыл 20 миллиард теңге бөлінді. Бұл - облыстық және аудандық маңызы бар жолдар. Сондай-ақ, елдімекендердің көше-жол желісі де бар. Астана қаласына жақын орналасқан елдімекендерге ерекше назар аударылды. Жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Степногорск қаласында да түрлі жөндеу жұмыстары атқарылуда. Оның ішінде орташа және күрделі жөндеу бар. Облыс орталығында да орташа және күрделі жөндеу аясында жұмыстар жүргізілуде.
РКС: Жергілікті билік өкілдері жолдарды жөндеумен қатар, оны жақсы жағдайда ұстауға да ерекше көңіл бөлуде. Биыл облыстық маңызы бар Жалтыр-Макинск автожолында салмақ бақылауын орнату жоспарланып отыр. Бұл ауыр техниканың шамадан тыс жүктемесінен жол жабынының сақталуын қамтамасыз етуі тиіс. Былтыр мұндай жүйе өңірдің екі жолына енгізілген болатын.
ЛАУРА ЕЛУБАЕВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ