ДИКТОР: Бірнеше күн ішінде өңірде көктемгі егіс науқаны аяқталады деп жоспарланып отыр. Қазір Зеренді ауданында диқандар ауа райының әр қолайлы сәтін тиімді пайдаланып, жұмыстарды қарқынды жүргізуде. Бүгін Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен облыс әкімі Марат Ахметжанов Зеренді ауданындағы көктемгі егіс науқанының барысымен танысты. Тілшіміз Евгений Варанкин жалғастырады.
STAND-UP: ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ТІЛШІ: Өңірде көктемгі егіс науқаны қызу жүріп жатыр. Дала жұмыстары тәулік бойы атқарылады. Жалпы, мамандардың айтуынша қазір егіс науқаны 70 пайызға аяқталды.
РКС: Шаруалар негізінен бидай, арпа және майлы дақылдарды себуге басымдық беріп отыр. Науқанға қажетті жанар-жағармай мен тұқым қоры толық қамтамасыз етілген. Заманауи техникалардың көмегімен егіс жұмыстары мерзімінен кешікпей атқарылуда. Өңірде дала жұмыстарына 37 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы қатысып жатыр.
СНХ: НҰРБЕК БАДЫРАҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Биылғы көктемгі дала жұмыстарына 115 миллиард теңге «Кең Дала-2» бағдарламасы аясында қаржыландыру күзден бастап басталды. Бүгінде 115 миллиард қаржы тауар өндірушілерге таратылды. Бұдан бөлек көктемгі дала жұмыстарын дер кезінде атқару мақсатында Үкімет тарапынан 76 мың тонна жанар-жағармай бөлініп, бүгінде 60 мың тоннасының келесімшарттары түзіліп, тауар өндірушілерге босатылды. Бағасы 281 теңгеден.
РКС: Биыл еліміз бойынша егістік алқаптың аумағы 23,8 миллион гектар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға артық. Қазір оның 14,5 миллион гектарына дән сіңірілді. 10 миллион гектардан астам аумаққа дәнді және дәнді-бұршақ дақылы, 3 миллион астамына майлы дақыл себілді. Көктемгі дала жұмыстарының сапалы әрі уақытылы жүргізілуі үшін тұқым қоры да толық дайындалған.
СНХ: НАЗГҮЛ ХАТЕПОВА, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРЛІГІ ЕГІНШІЛІК ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Көктемгі дала жұмыстарына тұқымға деген тапшылық еліміз бойынша 2,3 миллион тоннаны құрайды. Ол тұқымның барлығы уақытында дайындалды. Қажетті зертханаларда зерттеуден өтіп, тұқымдық стандарттың бірінші және екінші сыныбына сәйкес деп танылды. Қазір көктемгі дала жұмыстары уақытылы, мерзімді жұріп жатыр. Ешқандай жедел мәселелер туындап жатқан жоқ.
РКС: Мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруалар жеңілдетілген несиеге, лизингтік техникаға және арзандатылған жанар-жағармайға қол жеткізіп отыр. Бұл ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына тың серпін беріп, көктемгі дала жұмыстарын уақытылы әрі сапалы жүргізуге мүмкіндік жасауда. Ауыл шаруашылығы министрінің айтуынша, мұндай қолдау диқандардың қаржылық жүктемесін азайтып, заманауи техникаларды көбейтуге және өнім көлемін арттыруға оң әсер етеді.
СНХ: АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ: Республика бойынша егістік науқаны 70 пайызға жеттік, 14,5 миллион гектар. Жалпы биыл біз жоспарлап отырмыз 23,8 миллион гектар секпекшіміз. 180 мың гектарға көбіректеу кішкене. Бидай дақылдарын азайтып, майлы дақылдарды көбейтіп, жұмыстар жасап отырмыз. Қаржыландыру мәселесі жылдан жылға ұлғайып келе жатыр. Президенттің тапсырмасы бойынша бұрын 70-ақ миллиард болатын болса, қазір 1 триллионнан астық, 1 триллион 50 миллиардқа жетіп отырмыз. Оның ішінде 750 миллиард егістік, күзгі егін жинау науқанына беріліп отыр. 300 миллиард лизинг техникаға беріліп отыр.
РКС: Өңір басшылығы ауыл шаруашылығын кешенді дамытуға басымдық беріп отыр. Егін шаруашылығымен қатар мал шаруашылығын өркендету бағытында бірқатар ірі жобалар қолға алынған. Қазір аймақта жаңа бордақылау алаңдарын ашу, асыл тұқымды мал басын көбейту және ет өңдеу көлемін арттыру жұмыстары жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, бұл бастамалар ішкі нарықты сапалы өніммен қамтып қана қоймай, экспорттық әлеуетті де күшейтуге мүмкіндік береді.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Ет өнімінің бәрін экспортқа шығаруға толық мүмкіндік бар. Сондықтан қазіргі таңда өнімді көбейтуіміз керек. Үкіметтің арқасында, Президенттің тапсырмасын орындау аясында біз биылдың өзінде жоспарымыз 100 мың бордақылайтын мал орталықтарын ашып жатырмыз. Осы 2-3 айдың ішінде. Басқа да үлкен жоспарларымыз бар. Қаржыландыру мәселелерін айтып кетті министр. «Кең Дала» сияқты жеңілдетілген несие мал шаруашылығына да беріледі.
РКС: Бұдан бөлек аймақ басшысы мен ауыл шаруашылығы министрі жылына шамамен 120 мың тонна құрамажем өндіретін «SAVORI» зауытына барды. Мұнда зауыттың өндірістік қуаты, заманауи технологиялық жабдықтары және өнім өндіру процесі таныстырылды. Кәсіпорын мал шаруашылығын сапалы жем-шөппен қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірдегі агроөнеркәсіп саласының дамуына да үлес қосып отыр.
СНХ: ГҮЛМИРА ТЕМІРЖАН, «SAVORI» ҚҰРАМА ЖЕМ ӨНДІРЕТІН ЗАУЫТТЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Барлық жануарға арналған құрама жем өндіреміз: ірі қара малға, ұсақ малға, құсқа, бройлерге және балыққа арналған өнімдер. Сондай-ақ, қояндарға арналған құрама жем де шығарамыз. Шикізаттың басым бөлігін Қазақстан өндірушілерінен сатып аламыз. Балықтарға арналған құрама жемді Өзбекстанға экспорттаймыз. Зауыт 2 жыл бұрын салынған, өндірісті өткен жылдың желтоқсанында іске қостық. Жобаны жүзеге асыруға 6 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды.
РКС: Облыс аумағында көктемгі егіс науқаны жоспарға сай қарқынды жүріп жатыр. Диқандар жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтауға жақын. Шаруашылықтар қажетті жанар-жағармаймен және техникамен қамтамасыз етіліп, соның арқасында егіс науқанын сапалы аяқтауға мүдделі. Мамандар биылғы маусымның нәтижелі болатынына сенімді.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ