ДИКТОР: Жастар мен билік арасындағы ашық диалог. «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырған «Bir Tolqynda» кездесу алаңында ел жастарын толғандырған өзекті мәселелер талқыланды. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары қатысып, жастар саясатынан бастап, заңнамалық бастамалар мен қоғамдағы өзгерістер төңірегінде пікір алмасты.
РКС: Аталған шараға 180-нен астам белсенді студент қатысты. Жастарды алаңдатқан өзекті мәселелер, саяси реформалар мен ел болашағына бағытталған бастамалар «Bir Tolqynda» диалог алаңында кеңінен талқыланды. Өңірге арнайы келген Мәжіліс депутаттары студент жастармен ашық форматта пікір алмасып, олардың әрбір сауалына жіті назар аударды.
СНХ: НАТАЛЬЯ ДЕМЕНТЬЕВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: Жалпы менің ойымша, бүгінгі жастар бұрынғы жастармен салыстырғанда әрине, жер мен көктей деп айтуға болады. Өйткені бүгінгі күні елімізде жастардың дамуына барлық жағдай жасалған. Тек қана ниеттеріңіз болса болды. Бүгінгі жастар өте белсенді. Бүгінгі жастар әрқашан да, бірақ әсіресе, бүгін, әртүрлі реформаларды тез дер кезінде қабылдайтын азаматтар болып табылады. Сондықтан менің тілейтінім белсенді болыңыздар. Бүгінгі өмірімізді өзгертетін сіздерсіздер.
РКС: Саясат адам өмірінің күнделікті бөлшегіне айналған құбылыс. Сондықтан жастар қоғамдағы өзгерістерге бейжай қарамай, ел дамуына белсенді араласуы қажет,-дейді мәжіліс депутаты. Сондай-ақ ол саяси партиялардың роліне тоқталып, азаматтар ортақ идея мен құндылықтар төңірегінде бірігуі керектігін атап өтті.
ИНТЕРШУМ: ЮЛИЯ КУЧИНСКАЯ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: Біз саясатпен байланыспай, ол туралы ойланбай өз өмірімізді сүре аламыз деу меніңше, сәл қате түсінік. Себебі саясат күн сайын біздің өмірімізде, және оның әр саласына әсер етеді. Біздің әрбір әрекетіміз, түрлі институттармен қарым-қатынасымыз белгілі бір саясаттың жүзеге асуының нәтижесі. Сондықтан саясаттың сізді басқаруына жол бермей, керісінше, оған өздеріңіз ықпал ету үшін белсенді болу өте маңызды. Ал мұнда белсенді жастар жиналғандықтан, бұл сіздердің маңызды азаматтық ұстанымдарыңыздың және қоғамдағы саясатқа ықпал етуге деген мүмкіндіктеріңіздің көрінісі дегім келеді.
РКС: «AMANAT» партиясы жастармен жұмысты әрдайым негізгі бағытының бірі ретінде қарастырады. Бүгінде бұл жұмыстар партия жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты арқылы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
СНХ: МАРЖАН МУСКИНА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ЖАНЫНДАҒЫ «ЖАСТАР РУХЫ» ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ: Мұнда түрлі оқу орындарынан жастар жиналды. Жастар саясаты, жаңа Конституция, алдағы жаңа заң жобалары және «AMANAT» партиясының жұмысы туралы әңгіме өрбіді. Менің ойымша, жастарға өте ұнаған сияқты, өте қызықты әрі керемет өтті.
СНХ: МИЛАНА САЙЛАУБАЕВА, Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ: Бұл жерде елімізде болып жатқан өзекті мәселелер, яғни саясаттағы депутаттардың жұмыстары қалай жасалынады, жалпы ережелер, жаңа реформалар қалай жасалатыны жайлы біз сұрақтарға жауап алдық. Бұл шараның бір керемет тұсы бұл ашық диалог алаңы. Біз өзіміздің көкейімізде болған сұрақтарды ашық түрде сол депутаттарға қоя алдық. Және де шара керемет деңгейде өтті.
РКС: Жастар мұндай ашық форматтағы алаңдардың өз пікірін еркін білдіруге және қоғамдағы маңызды мәселелерге бей-жай қарамауға мүмкіндік беретінін айтады. Жастардың қоғамдағы ролін күшейту мақсатында қолға алынған бұл бастама енді еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылып, жастар ортасын қалыптастыруға негіз болмақ.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ