ДИКТОР: Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шешіміне сәйкес, биыл Құрбан айт мерекесі мамырдың 27-сі мен 29-ы аралығында атап өтіледі. Осыған орай Ақмола облысының бас имамы Қуаныш Сәбитұлы тұрғындарға құрбан шалу рәсімінің негізгі ережелері мен шариғат талаптарын түсіндірді.

РКС:Құрбан айт діни мейрам ғана емес, ол ізгілік пен мейірімнің, бауырмалдық пен берекенің айқын көрінісі. Қасиетті мерекедегі ең маңызды ғибадаттардың бірі құрбандық шалу рәсімі.

СНХ: ҚУАНЫШ СӘБИТ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ БАС ИМАМЫ: Бауыздайтын малымыз тек қой, ешкі, сиыр немесе түйе. Осы 4 түлік мал ғана құрбандыққа жарамды. Ал енді бұл малдардың да ерекшеліктері бар. Біріншіден жас ерекшелігі. Биылғы жылы Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына қарасты фәтуә бөлімі бар. Сол фәтуә бөлімінде қойдың 1 жасқа толуы нақты бекітілді. Яғни қой мен ешкі 1 жасқа толған болу керек. Сиыр 2 жасқа то лған болу керек. Және де енді семіз болуы, ақсақ болмауы, бүкіл мүшелері бүтін болуы дегендей осы құрбан шалушылар ескеру керек.

РКС: Әр өңірде құрбандық шалу орындары белгіленген. Тазалық талаптарын сақтау, ветеринарлық-санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында Көкшетау қаласында мал базары құрбандық шалу орны болып бекітілді. Құрбандық шалу уақытын да ескерген жөн. Халық арасында «Бір отбасы атынан бір қой шалынса жеткілікті» деген түсінік бар. Оған да облыстың бас имамы нақты жауап берді.

СНХ: ҚУАНЫШ СӘБИТ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ БАС ИМАМЫ: Қой мен ешкі ол бір адамға ғана, ал сиыр ол 7 адамға дейін қосылып шалуға болады. Мысалы 1 отбасы 1 қойды немесе ешкіні құрбандыққа шалуы мүмкін, енді құрбаншалу біздің шариғатымызда уәжіб амал. Уәжіб яғни оны атқару міндет. Айтайық 1 отбасы бар ол отбасында кем дегенде ерлізайып болатын болса, 2 адамға құрбан уәжіб. Олар зекет беруге дәулетті адамдар. Мысалы олар 1 қой шалатын болса, 1 қой қарыз болып кетеді. Яғни ол жерде 2 қой шалыну керек. Қой, ешкі ол 1 адамға. Бір отбасыға емес. Ал, сиыр 7 адамға дейін. Мысалы сиырды көршілер бар, туыстар бар бір-бірімен бірігіп , құрбан шалып жатады. Сол 7 адамның ниеті құрбанмен болу керек.

РКС: Биыл да тұрғындарға қолайлы болу үшін онлайн құрбандық шалу қызметі ұйымдастырылып отыр. Арнайы “Qurban 2026” платформасы арқылы ниет білдірушілер тапсырыс бере алады. Ал айт намазы Ақмола өңірінде таңғы сағат 6-да басталады. Сонымен қатар облыс, қала, аудан мешіттерінің алдында ұлттық ойындар ойналып, «Айт–татулық мерекесі» атты кең ауқымды рухани-мәдени шаралар ұйымдастырылады.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ